Бүгiн 2026, 05:31 Фото: freepik.com

Еуроодақ Армениядан экспортталатын бірнеше тауарға салынатын кедендік баж салығын алып тастады

Еурокомиссияның баспасөз хабарламасына сәйкес, Ресей енгізген шектеулерге ұшыраған салалардың тауарлары да кедендік баждан босатылады.

Еуроодақ Армениядан экспортталатын тауарлардың 80 пайызына салынатын кедендік баж салығын алып тастайды. Бұл туралы бейсенбі, 2 шілде күні Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ереванда Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуден кейін мәлімдеді. Бұл туралы DW жазды.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, Армениядағы жуырдағы парламенттік сайлау нәтижелері «бұл елдегі демократияның беріктігін көрсетті».

Армян халқы реформалар мен Еуроодақпен тығыз әріптестікті таңдады, – деді Еурокомиссия басшысы.

Ешбір ел өзінің егемен таңдауы үшін қысымға ұшырамауы тиіс. Сондықтан Еуроодақ Ереванға 52 миллион еуро көлемінде қолдау көрсетіп, армян экспортының 80 пайызына ЕО нарығына бажсыз қолжетімділік ұсынады. Армения бізге сене алады, – деп атап өтті Урсула фон дер Ляйен.

Еурокомиссияның баспасөз хабарламасына сәйкес, Ресей енгізген шектеулерге ұшыраған салалардың тауарлары да кедендік баждан босатылады. Атап айтқанда, жеңілдіктер армяндық жаңа піскен жемістердің 99 пайызына және сусындар мен алкоголь өнімдерінің 91 пайыздан астамына қатысты болады.

Соңғы апталарда Ресей Армения экспортына қатысты бірқатар шектеу шараларын енгізді. Шектеуге сүйекті жемістер мен жүзім, балық, гүлдер, минералды су, коньяк, шарап және басқа да тауарлар кірді. Армения билігі мен сарапшылар Мәскеудің бұл әрекеттерін тек санитарлық талаптармен ғана емес, сонымен қатар премьер-министр Никол Пашинянның елді Еуроодақ пен АҚШ-пен жақындастыру бағыты аясында Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлауымен байланыстырды.