Еуроодақ 1 шілдеден бастап шағын сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде кедендік баж салығын енгізеді: не өзгереді?
Бұл өзгеріс құны 150 еуроға (шамамен 82 мың теңге) дейінгі тауарлардың кең тізіміне қатысты болады.
Еуропалық одақ 1 шілдеден бастап одақтан тыс елдерден келетін арзан сәлемдемелерге уақытша 3 еуро (шамамен 1664 теңге) көлемінде кедендік баж салығын енгізеді.
Жаңа талап интернет-сауда арқылы жеткізілетін, құны 150 еуроға дейінгі көптеген тауарларға қолданылады.
Күн сайын Еуроодақ елдеріне осындай миллиондаған сәлемдеме келеді. Олардың көпшілігінде еуропалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарлар болады немесе кедендік баждан жалтару үшін тауардың құны төмендетіліп, декларацияда жалған мәліметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, қазіргі баж салығынан босату тәртібі Еуроодақтан тыс сатушыларға ЕО аумағында тауар өндіретін немесе сататын компанияларға қарағанда әділетсіз артықшылық береді, – делінген Еуроодақтың баспасөз хабарламасында.
Баж салығының мөлшері тауар санына емес, оның түріне байланысты есептеледі. Мысалы, сатып алушы бес футболкаға тапсырыс берсе, бір ғана 3 еуро көлеміндегі баж салығын төлейді. Ал үш футболка мен бір қолсағатқа тапсырыс берсе, олар әртүрлі санатқа жататындықтан, жалпы баж салығы 6 еуроны құрайды.
Тауарларды декларациялау және кедендік рәсімдеу кезінде баж салығын төлеу міндеті сатушыға немесе импорттаушыға жүктеледі.
Еуроодақтың пікірінше, бұл шара еуропалық бизнес үшін әділ бәсекелестік қалыптастыруға, тұтынушыларды қауіпті өнімдерден қорғауға, кедендік алаяқтықпен күресуге және тауарларды жаппай жеткізудің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) жаңа ережелер енгізілетіні хабарланған болатын. Оған сәйкес, егер тауардың құны 200 еуродан (шамамен 110 мың теңге) асса, оның құнының 5 пайызы мөлшерінде кедендік баж және 16 пайыз қосылған құн салығы (ҚҚС) алынады. Ал сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, кедендік баж бен салық төлеудің қажеті жоқ.