Еуроодақ пен АҚШ Беларусь билігіне санкция салды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақ Беларусьтің 40 азаматына президент сайлауын бұрмалады және бейбіт шеруге шыққан азаматтардың құқығын бұзды деп санкция салды. Шешім 1 қазан күні Еуропа кеңесінің отырысында қабылданып, ол туралы хабарлама 2 қазан күні Еуроодақтың ресми журналында жарық көрді.

Азаттықтың хабарлауынша, санкция тізіміне ілінгендер қатарында Беларусь ішкі істер министрі Юрий Караев пен оның орынбасарлары, Орталық сайлау комиссиясының басшысы Лидия Ермошина, ОМОН (полицияның арнайы жасағы) командирлері бар. Тізімге Беларусь ішкі әскерінің қолбасшысы да енген. Александр Лукашенко тізімде жоқ. Франция президенті Эммануэль Макрон Лукашенконың тізімге кіруі Еуропа елдерінің онымен диалог құрудан бас тартатынын білдіруші еді деді.

Санкция аясында аты аталған адамдарға Еуроодақ елдеріне баруға тыйым салынады, оларды осы елдердегі мүлкі бұғатталады. Еуроодақ елдерінің азаматтарына және компанияларына санкция тізіміндегі адамдармен қандай да қаржы операциясын жасауға тыйым салынады.

АҚШ қаржы министрлігі Беларусьтің сегіз азаматына санкция салды. Бұл туралы мекеменің сайтында хабарланды. Санкция тізіміне Беларусь ішкі істер министрі Юрий Караев пен оның орынбасары Александр Барсуков, Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің қолбасшысы Юрий Назаренко мен оның орынбасары Хазалбек Атабеков, ОМОН командирі Дмитрий Балаба кірді. Тізімге енгендер қатарында Беларусь орталық сайлау комиссиясының хатшысы Елена Дмухайло мен орталық сайлау комиссиясы басшысының орынбасары Вадим Ипатов және Минск полициясының басшысы Иван Кубраков бар.

АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдемесінде санкция тізіміне кіргендердің "әділетсіз өткен президент сайлауына және бейбіт шерушілерге зорлық-зомбылық көрсетуге жауапты" екені айтылады.

Еуроодақ сыртқы істер министрлері Беларусь шенеуніктеріне санкция салу мәселесін 28 тамыздан бері талқылады. Бұған Беларусь билігінің бейбіт шерушілерді аяусыз жаншуы себеп болған. Бастапқыда санкция 21 қыркүйекте салынуы тиіс болған. Алайда 10 қыркүйек күні санкцияның белгіленген уақытқа салынуы екіталай екені белгілі болды. Ол кезде Кипр бұл шешімге қарсы дауыс беретінін айтқан еді. Кипр билігі Еуроодақтан Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде газ қорының бар-жоғын барлап жатқан Түркияға санкция салуды сұрап келеді.

21 қыркүйек кұні Еуроодақ сыртқы істер министрлері Лукашенко Беларусьтің заңды президенті деп санамауға келісті, бірақ санкция тізімі бойынша ортақ шешімге келе алмады. 1 қыркүйек күні Кипрдің Еуроодақтағы делегациясы санкцияны бұғаттауын тоқтатты.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Еуроодақтың санкциясы жөнінде мәлімдеме жасап, Беларусьтің Еуроодақ шенеуніктеріне қарсы қарымта санкциясы Ресейге де тарайтынын айтты. Захаров мұны Ресейдің "одақтық міндеттемелерімен" түсіндірді. Ресей сыртқы істер министрлігі Еуроодақ шешімін "Беларусь билігіне ашықтан-ашық қысым көрсету" деп атады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы