Еурокубоктағы қарсыластарымыз жайлы не білеміз?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Астана» Румынияның «ЧФР Клуж» командасымен кездеседі.
Алғашқы ойын 9/10 шілдеде Нұр-Сұлтанда өтсе, бұл жұптың жеңімпазы бір аптадан кейін Румынияда анықталады.Пол Эшуорт, «Астана» клубының атқарушы директоры:
– Бізге Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде ең мықты ұжымдардың бірі қарсылас атанды. ЧФР Клуж - Румыния чемпионы. Бұл қарсыластың деңгейінің өте жоғары екендігінің дәлелі. Олар Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған, еурокубоктарда жинаған тәжірибесі мол ұжым. Екі команда арасындағы тартыс Қазақстан мен Румынияда жанкүйерлер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болады деп ойлаймын. Егер қос ұжымның мүмкіндіктері туралы айтар болсам, 50/50 деп ойлаймн. Дегенмен, «Астана» өзінің нағыз деңгейін көрсетсе, келесі кезеңге шығуға қауқары жетеді.
Роман Григорчук, «Астана» клубының бас бапкері:
– Мен жеребе тарту рәсіміне әрдайым сабырмен қараймын. Себебі, оның нәтижесіне әсер ету мүмкін емес. Соңғы уақытта мен баптаған командаларға ықтимал қарсыластардың ішінде ең үздіктері түсуде. Осы жылы да сол үрдіс жалғасын тапты. ЧФР Клуж – мықты команда және бізді оларға қарсы өте қиын ойындар күтіп тұр. Бұл әрине бір жағынан қызық. Бізге мұндай деңгейдегі қарсыласты жеңу үшін жақсы дайындық және толыққанды құрам қажет. Дегенмен, румындарға қарсы кездесуге дейін біз чемпионат аясында маңызды үш ойын өткіземіз. Дәл қазір бар күшті сол ойындарға салуымыз керек.
Болат Есмағамбетов, футбол ардагері:
– Бірінші іріктеуде «Астанаға» мүмкін қарсыластардың арасында ең қиыны түсті. Румыния футболының деңгейі жоғары, ал ЧФР-дың бай дәстүрі бар. Бұл оңай кездесу болмайды. Екі команданың мүмкіндігі бірдей – 50/50.
Бірінші ойынды қайсысы өз алаңында бастағаны аса маңызды емес. Екеуі де келесі кезеңге өту үшін тырысатыны анық. Осы ойында «Астананың» деңгейі қандай екенін байқайтын боламыз. Бірінші ойынды күтеміз. Біраз сұраққа жауапты сол кезде аламыз.
Дан Петреску, ЧФР клубының бас бапкері:
– Бес команданың арасында алдымен, «Црвена Звездамен» жолықпасақ екен деп едім. Ол ойымыз жүзеге асты. Екінші команда «Астана» болатын. Өйткені, Қазақстан алыста орналасқан. Жол алыс, жасанды алаң, оның үстіне чемпионаттары нағыз қызған шағында. Клубтың бюджеті жоғары, ақша көп. «Астана» қажет болса Румыния құрамасының ойыншыларын да сатып алуға шамасы жетеді. Кезінде Чемпиондар лигасында өз алаңында «Атлетико», «Галатасарай» клубтарынан жеңілген жоқ. Мұның өзі «Астананың» деңгейін көрсетеді.
ЧФР жайлы не білеміз?
ЧФР Клуж-Напоки қаласының командасы. Құрылғанына 1 ғасырдан асса да, ең ірі жетістіктеріне соңғы 10 көлемінде ғана қол жеткізе бастады. Румыния біріншілігінде ең алғаш 2008 жылы топ жарған. ЧФР-ге дейін 1991 жылдан бері Бухарест командалары ғана жеңіске жетіп жүрген. Сол сеңді бұзған осы ЧФР болатын. Одан кейін арасына жылдар салып, тағы 4 рет Румыния чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Оның екеуін соңғы маусымдарда ұтқан.
Еурокубокта үш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан. Бірақ әзірге плей-оффқа жете алмай жүр. Есесіне, Еуропа лигасының плей-офф бәсекесінде ойнап көрген. Былтырғы жылы жергілікті Румыния басылымдары ЧФР Еуропа лигасының төртінші іріктеу кезеңінде Люкембургтың «Дюделанж» клубынан жеңілген кезде «клуб тарихындағы ең басты масқара жағдай» деп жазған болатын.
ЧФР-дың қазіргі құрамын Transfermarkt, 25 миллион еуроға бағалап отыр. Клубтың соңғы чемпиондық маусымында Бразилия құрамасы мен «Реалдың» экс-футболшысы Жулиу Баптиста өнер көрсеткен болатын.
Көшбасшы футболшыларының қатарында қақпашы Гедриус Арлаускис (Рубин» және «Уотфорд» командаларында ойнаған), қорғаушы Кристиан Маню (Румыния құрамасы тарихындағы ең жас дебютант), шабуылшы Биллеля Омрани (Франция жасөспірімдер құрамасында ойнаған, «Марсельдің» түлегі) Георге Цукудян (осы маусымда 22 ойында 16 гол соққан) бар.
ЧФР сапындағы ойыншылардан бізге танысы – Чипиран Дяк. Кезінде «Ақтөбе» мен «Тобыл» сапында ойнаған. Екі жыл бұрын Қостанайда Румынияға оралды.
Еуропа лигасындағы қарсыластарымыз кімдер?
Еуропа лигасында Қазақстанның намысын үш команда қорғайды. Ньон қаласында өткен жеребе тарту рәсімінде отандық клубтар қарсыластарын анықтаған болатын.
Сонымен, Қостанайдың «Тобылы» Люксембургтің «Женесс» клубымен, Алматының «Қайраты» Боснияның «Широки Бриег», Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның «Торпедо» клубымен жолығады.
Алғашқы ойынды командаларымыз 11 шілдеде, ал қарымта матчты 18 шілдеде өткізеді. «Қайрат» пен «Тобыл» алдымен сырт алаңда ойнаса, «Ордабасы» бірінш кездесуді Шымкентте бастайды.
Юсуп Щадиев, футбол сарапшысы:
– Қазақстан командаларына жеңіл қарсыластар түсті деп ойлаймын. Ең оңайы – «Тобылдың» қарсыласы.Қостанай клубы чемпионатта жақсы келе жатыр, Еуропа лигасында Люскембург командасын аса қиналмай жеңу керек.
Басқаларымен салыстырғанда «Қайраттың» қарсыласы сәл қиындау. Босниялықтар футбол ойнауды біледі. Бір жағынан, соңғы матчтарда «Қайрат» ес жия бастады. Исламхан жарақатынан айықты, алғашқы ойын сырт алаңда өтеді. Бұл жұпта «Қайраттың» басымдығы бар. Екі команданың мүмкіндігін 60/40 деп бағалаймын.
«Ордабасы» Грузия клубымен кездеседі. Бұл елдің футболы көтеріліп келеді. Әрине, үздік ойыншылары шетел асады. Бірақ елде қалғандары да өздерін дәлелдеуге тырысатыны анық. Меніңше, Кутаисидың «Торпедосы» соңына дейін тырысатыны анық. Олар чемпионатта жақсы ойнап жүр, бапкері грузиялық маман. Дегенмен, «Ордабасының» өте алатына сенемін.
Қарсыластар жайлы ақпарат
«Широки Бриег» (Босния)
Бұл клуб 1948 жылы өзі аттас қалада құрылған. Қала халқының басым көпшілігі хорваттар. Команда екі рет Босния чемпионы атанған (2004, 2006). Үш рет кубок жеңіп алған (2007, 2013, 2017).
Былтырғы маусымда чемпионатта қола жүлдегер атанған және кубокта финалға дейін жеткен.
«Широки Бриег» еурокубокққа 2002 жылдан бері қатыса бастады. Ең үздік нәтижесі – 2013 жылы тіркелген. Сол кезде Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Павлодардың «Ертіс» клубын ұтты. Бірақ үшінші кезеңде Италияның «Удинезе» клубына жол берді.
Қазақстан командаларымен осымен үшінші рет жолығады. Бұған дейін «Ертіс» пен «Ордабасыны» қапы қалдырған.
2018 жылдың тамыз айынан бері команданы 45 жастағы Гоце Седлоски жаттықтырады. Футболшы ретінде Македония құрамасы сапында 100 матч өткізген. Команда сапында екі легионер бар. Олар – ресейлік Иван Енин мен бразилиялық Элиомар.
«Женесс» (Люксембург)
Клуб 1907 жылы құрылған. Люксембургтың Эш-сюр-Альзетт қаласының намысын қорғайды. Өз елінде 28 рет чемпион атанған (соңғы рет 2010 жылы) және 13 мәрте кубокты жеңіп алған (соңғы рет 2013 жылы).
Былтырғы маусымда «Женесс» чемпионатта қола жүлдегер атанған. Клуб сапында Франция, Германия және Бенин елдерінің легионер футболшылары бар.
2019 жылдың сәуір айынан бері команданы 49 жастағы бельгиялық Себастьян Гранжан жаттықтырады. Ол бұл командаға осымен екінші рет келіп отыр.
«Торпедо» (Грузия)
Клуб 1946 жылы құрылған. Грузияның Кутаиси қаласының намысын қорғайды. Чемпиондық титул жағынан тек Тбилисидің «Динамо» клубына есе жібереді. 2018 жылы чемпионатта қола жүлдегер атанған және кубокты жеңіп алған.
Жалпы, Грузия чемпионатында 4 рет топ жарған (соңғы рет – 2017). Еурокубокқа 1998 жылдан бері қатысып жүр. Былтыр топтық кезеңге шығатын тұста Болгарияның «Лудогорец» клубына жол берді.
2013 жылы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеден» ұтылған болатын.
Команда құрама Ресей азаматтығы бар екі этникалық грузин легионері өнер көрсетеді (қорғаушы Вахтанг Небиеридзе пен хавбек Нодар Кавтарадзе) және украиналық грузин бар (Амбросий Чачуа, 2018 жылы «Ақжайық» сапында 11 ойынға қатысқан).
Сондай-ақ «Торпедоның» құрамында тағы бір украин-қорғаушы Александр Азацкий, бразилиялық хавбек Ришард да Силва, черногориялық қорғаушы Никола Стиепович ойнайды.
2016 жылдан бері «Торпедоны» Грузия құрамасының экс-футболшысы
Кахабер Чхетиани жаттықтырады.