Еурокомиссия ұрпақтар арасындағы әділдік стратегиясын таныстырды
Бұл бастама одаққа мүше елдерді болашақты ойлауға шақырып отыр.
Еурокомиссия "Ұрпақтар арасындағы әділдік стратегиясын" ұсынды. Бұл бастама Еуроодақ елдерін бүгін саясат жүргізе отырып, болашақ туралы да ойлауға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Ұрпақтар арасындағы әділдік стратегиясы ұрпақтар әділдігі туралы келісімді ұсынады. Бұл – символикалық келісім. Ол нақты қол қойылатын құжат емес, бірақ белгілі бір міндеттемелерді білдіреді. Бұл – саяси деңгейде берілетін уәденің көрінісі, деді ұрпақтар арасындағы әділдік, мәдениет, жастар және спорт мәселелері жөніндегі еурокомиссар Гленн Микаллеф бастаманы таныстыру кезінде.
Міндетті күші жоқ бұл құжатта Еурокомиссия ЕО елдерін қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді салдарын ескеретін әділ саясат жүргізуге шақырады.
Атап айтқанда, климат пен қоршаған ортаны қорғау болашақта туындауы мүмкін үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді. Еурокомиссияның дерегінше, егер ешқандай шара қабылданбаса, ғасыр соңына қарай климаттың өзгеруі ЕО-ның жалпы ішкі өнімін кемінде 7 пайызға қысқартуы мүмкін.
Бастама аясында Еурокомиссия Futures Balance Tool деп аталатын жасанды интеллект құралын қолдамақ. Бұл құрал жаңа саясаттың еуропалық жастарға қалай әсер ететінін талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарға саясатты қалыптастыруға қатысып, өз пікірін айтуға мүмкіндік беретін «Жастар саясаты диалогтарын» өткізуді жалғастырады.
Ғылым мен жаңа технологиялар саласындағы этика жөніндегі Еуропалық топқа да жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы әділ саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеу тапсырылды.
Стратегия барлық жастарға мүмкіндік беруді көздейді, әсіресе кемсітушілікке тап болатын жастарға ерекше назар аударылады. 2023 жылғы Eurobarometer деректеріне сәйкес, еуропалықтардың жартысынан азы ғана ЕО аумағында барлығы үшін мүмкіндіктер тең деп есептейді.
Еурокомиссия ұрпақтар арасындағы мүмкіндіктер мен айырмашылықтарды анықтайтын арнайы индекс әзірлемек. Сондай-ақ Horizon Europe атты ЕО-ның ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыру бағдарламасы аясында ұрпақтар арасындағы әділдікті арттыруға бағытталған зерттеулерді қолдайды. Бұдан бөлек, жастардың дауысы естілуі үшін түрлі буын өкілдерінің қатысуымен диалогтар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Стратегия сондай-ақ аумақтық теңсіздікті азайтуды мақсат етеді. Яғни ауылдық жерлерде немесе әлеуметтік жағдайы төмен аудандарда өсіп келе жатқан жастар қоғамнан шет қалмай, қоғамдық қызметтерге, көлікке және цифрлық байланысқа қол жеткізе алуы тиіс.
Осы мақсатта Еурокомиссия «Болашақ дауыстары» атты бастаманы іске қосып, бұл мәселелер бойынша жергілікті және өңірлік билік органдарымен жұмыс жүргізеді.
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен 2024–2029 жылдарға арналған Комиссияның саяси қағидаттарында ЕО бүгін қабылданатын шешімдердің болашақ ұрпақтарға зиян келтірмеуін қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ әртүрлі жастағы адамдар арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыс нығаюы қажет екенін атап өтті. Ол осы стратегияны әзірлеуді еурокомиссар Гленн Микаллефке тапсырған.
Жаңа стратегия Еуропа азаматтарының тобының қатысуымен әзірленді. ЕО-ға мүше 27 елден кездейсоқ таңдалған 150 азамат жиналып, ұрпақтар арасындағы әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған 24 ұсыныс дайындады.