Еурокомиссия төрайымы Қазақстанмен жасалған сутегі келісімі туралы айтты
Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Солтүстік жарты шар мемлекеттерін Жаһандық Оңтүстікке қаржылық қолдауды жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап жазды.
Мысырда өткен БҰҰ-ның 27-ші климаттық конференциясында сөйлеген сөзінде ол дамыған елдер жаһандық жылыну әсерінен ең осал аймақтарға көмек көрсету үшін жыл сайын 100 млрд доллар пакетін бөлуді уәде еткенін еске салды.
13 жыл бұрын Копенгагенде 15-ші конференция кезінде берілген бұл уәде әлі орындалған жоқ.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2020 жылы бай елдердің мемлекеттік және жеке қор түрінде жұмылдырған жалпы сома 83 млрд-тан сәл ғана асады деп есептейді.
Оңтүстік елдер ресурстарға бай. Күшімізді біріктірейік. Еуропалық Одақ Мысыр, Намибия және Қазақстанмен сутегі серіктестігі жөнінде келісті. Біз Вьетнам және Оңтүстік Африка сияқты серіктестерге экономикасын көміртексіздендіруде қолдау көрсетеміз. Осыдан 7 жыл бұрын Париж конференциясында қойылған мақсатқа жетуіміз керек. Еуропа көздеген бағытынан таймайды. 2030 жылға қарай парник газ шығарындыларын кем дегенде 55%-ға азайтамыз, - деді Еурокомиссия төрайымы.
Дегенмен, кейбір мамандардың пікірінше, конференцияға қатысушылардың бәрі бірдей зиянды шығарындылар Пәкістандағы апатты су тасқыны сияқты экстремалды ауа райы жағдайына қалай ұшырататынын түсінбейді.
«Copernicus» бағдарламасы (климат мониторингі қызметі) сарапшыларының хабарлауынша, рекордты ыстық жаздан кейін Еуропада қазан айында температура ең жылы көрсеткішке жетті.
1991-2020 жылдар аралығындағы базалық көрсеткіш Цельсий бойынша 2 градусқа артты.