Еурокомиссия электромобильдерге көшу талаптарын жеңілдетуді ұсынды
Еуропалық комиссия еуропалық автомобиль өнеркәсібін қолдауға бағытталған ауқымды шаралар пакетін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ЕО-дағы автоөнеркәсіп айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр: бензин және дизельмен жүретін көліктердің сатылымы төмендеп, ал электромобильдер нарығын қолжетімді бағамен өнім ұсынып отырған қытайлық өндірушілер белсенді түрде игеруде. Сонымен қатар Еуропада электр көліктеріне сұраныс баяу өсіп келеді.
Бұған дейін Еуроодақта 2035 жылдан бастап тек көмірқышқыл газын (CO₂) шығармайтын автомобильдерді ғана тіркеуге рұқсат беру жоспарланған еді. Бұл іс жүзінде электромобильдерге толық көшу дегенді білдіретін. Алайда енді Еурокомиссия 2021 жылмен салыстырғанда шығарындыларды қысқарту талабын 100 пайыздан 90 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр.
Қалған 10 пайызды автокөлік өндірушілер «жасыл» болатты пайдалану, сондай-ақ қалдықтардан өндірілетін биоотын секілді тұрақты отын түрлерін қолдану арқылы өтеуге мүмкіндік алады. Мұндай өзгеріс нарықта гибридті көліктердің, тіпті ішкі жану қозғалтқышы бар кейбір модельдердің сақталуына жол ашуы мүмкін.
Бұл бастамаға қатысты ЕО елдерінің саяси ұстанымдары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Германия, Италия, Польша және ірі автомобиль өндірушілері орналасқан өзге де мемлекеттер жоғары энергия шығындарын және Қытайдың субсидияланған автокөліктерімен бәсекелестікті алға тартып, ережелерді икемді етуді қолдайды.
Ал Испания, Дания, Швеция және Нидерланды қатаң талаптарды сақтауды талап етуде. Олардың пікірінше, ережелерді жеңілдету инвестициялардың баяулауына, электромобильдерге сұраныстың төмендеуіне, соның салдарынан зауыттардың жабылып, жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін.
Алда Еуропалық комиссия, Еуропалық парламент және ЕО Кеңесі арасындағы келіссөздер күрделі болмақ. Реформаны қабылдау үшін Еуропарламент депутаттарының көпшілігінің және ЕО халқының кемінде 65 пайызын құрайтын 15 елдің келісімі қажет. Сарапшылардың ескертуінше, кез келген қосымша белгісіздік Қытайдың қатаң бәсекелестігіне тап болған еуропалық автоиндустрияға кері әсер етуі мүмкін.