17 Қыркүйек 2026, 02:35 Фото: Yves Herman/Reuters

Еурокомиссия басшысы Канаданы ЕО-ның «қауымдастырылған мүшесі» етуді ұсынды

Қазіргі уақытта ЕО-да ресми «қауымдастырылған мүше» мәртебесі жоқ.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канаданың Еуропалық Одақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» болуына жол ашуды ұсынды. Бұл туралы ол Еуропарламентте мәлімдеді.

ВВС-дің хабарлауынша, Фон дер Ляйен ЕО мен Канада арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін уақыт келгенін айтты. Оның сөзінше, тараптар Украина, қорғаныс, жасанды интеллект, энергетика, маңызды минералдар және жеткізу тізбектері сияқты бірқатар бағытта ортақ ұстанымға ие.

«Мен Канадаға Еуропалық Одақтың алғашқы қауымдастырылған мүшесі болуына жол ашу үшін сіздермен бірге жұмыс істегім келеді», – деді ол.

Ұсыныс өндіріс, технология, қорғаныс, энергетика және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді.

Қазіргі уақытта ЕО-да ресми «қауымдастырылған мүше» мәртебесі жоқ. Сондықтан мұндай форматты енгізу үшін жаңа құқықтық және институционалдық тетіктер қажет болуы мүмкін.

Бұған дейін Канада премьер-министрі Марк Карни Еуроодақпен «бірегей альянс» құруға мүдделі екенін мәлімдеген.