18 Қыркүйек 2026, 06:28 Фото: pixabay

Еурокомиссия 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салуды ұсынды

Еурокомиссияның ұсынысы алдағы айларда ЕО елдері мен Еуропарламенттің келісуінен өтуі тиіс.

Еурокомиссия балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғауға бағытталған жаңа жоспар ұсынды.

Reuters-тің хабарлауынша, жоспарды бейсенбі күні Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен таныстырды. 

Еурокомиссияның ұсынысына сәйкес, 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салынады. Ал 13-15 жас аралығындағы балалардың аккаунттарында ата-ана бақылауы енгізілуі тиіс.

Сонымен қатар 18 жасқа толмағандар пайдаланатын әлеуметтік желілер, бейнесервистер, онлайн ойындар, жасанды интеллект көмекшілері мен чат-боттар үшін рұқсат етілетін және тыйым салынатын функциялар тізімі әзірленеді

Бүгінде балаларымыз бұрын-соңды жасалған ең күрделі технологиялардың кейбірімен жұмыс істейді. Бірақ бұл технологиялар балалардың әл-ауқаты мен дамуын ескермей әзірленген, – деді Урсула фон дер Ляйен.

Еурокомиссияның ұсынысы алдағы айларда ЕО елдері мен Еуропарламенттің келісуінен өтуі тиіс.

Бұған дейін Австралия әлемде алғаш болып 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салған. Осыған ұқсас шектеулер Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Түркия және Еуроодақтың бірқатар елдерінде енгізіліп жатыр немесе талқылануда.