Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не берді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова баяндап берді.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде бастапқы мақсаттарға қол жеткізуде айтарлықтай ілгеріледі. Іс жүзінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек мигранттарының қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұйымның құқықтық ресімделуі аяқталды.

Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың әзірленген тиімді форматтары бизнес қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер береді және бизнесті дамытуда үлкен перспективалар ашады. Қазақстанның серіктестермен өзара саудасы одақ құрылған уақыттан бастап 33%-ға өсті, - деді ол.

Бұл ретте үшінші елдермен сауда өсімі 26,4%, Қазақстанның жалпы саудасындағы үлес салмағы 22,2%-ды құрайды. Қазақстандық экспорттың нақты көлемінің төрт пайызға өсуі байқалады. ЕАЭО елдеріне қазақстандық экспорт құрылымында 58% өңделген өнімнің үлесіне келеді. Экспорттық қоржынның ассортименті екі еседен астам ұлғайды. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жыл сайынғы жалпы ағыны 2015 жылғы инвестициялар көлемінен 2,5 есеге асты. 2019 жылы үшінші елдерден инвестициялар 22,6 млрд долларды құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 7,8 млрд долларға көп.  Жанама түрде бұны Қазақстанның одаққа қатысуының нәтижесі ретінде қарастыруға болады, - деді ол. 

Қазақстанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен құрылған кәсіпорындар саны 2015 жылдан бастап 2 есеге ұлғайды. Олардың ішіндегі ең ірілері «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ (жүк автомобильдерін шығару), «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС (электровоздар өндірісі), «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС (фармацевтикалық бұйымдар), «СемАЗ» ЖШС және «Композит Групп» ЖШС (екеуі де «Беларус» тракторларын өндіру бойынша), «Алатау» Лифт жасау компаниясы» (лифт өндірісі) және т. б.

Бұған дейін министрлік өкілі Жанель Кушукова одақ аясында еркін саудаға кедергі келтіретін факторлар жайлы айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы