Еуразиялық экономикалық одақ бізге үлкен жол ашып отыр – рудныйлық кәсіпкер

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Рудныйлық кәсіпорынның өнімдеріне Ресей елінде де сұраныс артып келеді. Бұл жөнінде ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің Қостанай облысы сапары кезінде компания басшысы Александр Лигай мәлімдеді.

«Лидер-2010» компаниясы – Қостанай өңіріндегі сүт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. 2004 жылы негізі қаланған. Өнімдері Мәскеуде өткен халықаралық көрмеде алтын медаль иеленген. 

«Ең танымал өніміміз – «Рудненский тан» сусыны. Сонымен қатар, «Піскен сүтке» де сұраныс артып келеді. Биыл өнімдер қатарына тағы 2-3 жаңа атау қосамыз. Болашақта қоюлатылған сүт шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді Александр Лигай.

Қазіргі таңда компанияда 70-тен астам өнім атауы бар. Шикізатты фермалар мен ауылдардағы тұтынушы кооперативтерден алады. 

«Кәсіпорнымызда жылына 23 мың тонна сүт өнімдері шығарылады. Еуразиялық экономикалық одақ бізге үлкен жол ашып отыр. Тауарларымыздың 10%-ы Ресей Федерациясының Челябі, Екатеринбург, Уфа сияқты бізге жақын орналасқан қалаларына экспортталады. Өнімдерімізді ол жақтағы жұрт жақсы біледі, сұраныс артып келеді», - дейді компания басшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы