Eurasian Book Fair-2022. Елордада халықаралық көрме-жәрмеңке ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «ЕХРО» халықаралық көрме орталығында «Eurasian Book Fair-2022» V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды.
20-24 сәуір аралығында өтетін халықаралық деңгейдегі ауқымды шараның түндігі биыл бесінші рет түріліп отыр.
Бұл көрме – жас, жаңа баспалардан бастап, өзінің оқырмандарын тапқан қабырғалы баспаларға дейін барлық кітаптың басын қосқан баспагерлер мен ақын-жазушылардың, музыканттар мен суретшілердің үлкен мерекесі. Сонау Мысыр заманындағы Рамзес екі кітапхана ашып, оған дәріхана деп жазып қойған екен. Кітапты адамның жанын емдейтін дәріге теңеген. Бүгінгі халықаралық көрмеде адамның жанын емдейтін дәрілер қаншама мемлекеттен келіп, құйылып отыр. Жас баспалардың бағы ашылсын. Жас қаламгердің кітаптары шет елдерге таныла берсін. Баспалардың бір-бірімен байланысы арта берсін! Осы ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесі ел мен елдің, халық пен халықтың, әдебиет пен әдебиеттің алтын көпір болсын! – деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген ақын, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және полиграфия компанияларын бір алаңға біріктіріп отыр. Көрмеге елімізден бөлек, Ресей, Түркия, Қытай, Иран және Испания мемлекеттерінің маңдайалды баспалары қатысып жатыр.
«Eurasian Book Fair-2022» Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі –ересектердің де, балалардың да көңілінен шығатын қызықты мәдени және іскерлік бағдарламаға толы. Мәселен, көрмеге қатысушыларды балалар әдебиеті, көркем әдебиет, танымдық және танымал әдебиеттердің тұсаукесері, шеберлік сабақтары, поэзия кештері және дөңгелек үстелдер күтеді.
«Eurasian Book Fair-2022» көрмесіне қатысуға алыс және жақын шетелдерден 80-нен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысуға ниет білдірген.
Көрмеде 100-ден астам мәдени шара және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтеді. Шара барысында авторлармен, суретшілер, полиграфистермен кездесулер болады.
Көрме қонақтарына әдеби экскурсиялар ұйымдастырылып, авторлармен, баспагерлермен, суретшілермен кездесуге, тіпті, «Фламенко» биін билеуге де мүмкіндік болады.
Сондай-ақ көрме-жәрмеңке аясында кітаптардың тұсаукесері өтеді:
• «Шыңғыс хан әмірімен» романы, авторы Николай Лугинов (Якутия). Бұл тарихи роман қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан жарыққа шықты;
• Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы;
• Қуаныш Абдухалимовтың «Роза Бағланова» кітап-альбомы;
• Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Мұхиттан өткен қайық» романдары (Ілияс Есенберлиннің немересі Мәдидің қатысуымен);
• Балалар жазушысы Нұр Домбайжының «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі – 2» (Түркия) қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан жарыққа шықты;
Көрме барысында 6 номинация бойынша «Жылдың үздік кітабы» анықталады: «Үздік оқулық», «Үздік өлкетану басылымы», «Балаларға арналған кітап», «Мәдениет пен өнер», «Ғылым мен инновациялар», «Гран-при».