Бүгiн 2026, 16:00
Фото: видеодан скриншот
"Етті базарда сатқан": Астанада санитарлық талаптарға сай емес жасырын ет цехы анықталды
Санитариялық талаптар өрескел бұзылған жағдайда жұмыс істеген.
Елордадағы жеке секторда антисанитариялық жағдайда жұмыс істеген ет цехы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада полиция қызметкерлері жасырын жұмыс істеп келген заңсыз ет цехының қызметін әшкереледі.
Заңсыз өндіріс орны Аймауытов көшесі ауданындағы жеке секторда орналасқан. Цех мұқият жасырылып, санитариялық талаптар өрескел бұзылған жағдайда жұмыс істеген.
Тексеру барысында аталған орында тиісті рұқсат құжаттарынсыз және міндетті ветеринариялық-санитариялық бақылаудан өтпей, ет өнімдерін өңдеу, сақтау және сату жүзеге асырылғаны анықталды. Соған қарамастан, дайын өнім елорда нарықтарында саудаға шығарылып отырған.
Қарау кезінде 4 жылқының тұтас және 13 ірі қара малдың тұтас еті, сонымен қатар ет қалдықтары және етті бөлшектеу мен өңдеуге арналған құрал-жабдықтар тәркіленді. Заңсыз цехты ұйымдастырды деген күдікпен 64 және 55 жастағы екі ер адам ұсталды. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады, деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында 40 миллион теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.