Этножаңғыру. Рухани мұраға жататын материалдық емес құндылықтарды стандарттау көзделген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазСтИн» РМК бас директорының орынбасары, «Этножаңғыру» төрағасы Ескендір Хамитов ұлттық субъектілерді стандарттау қажеттігін айтты. Бұл туралы ол өзінің facebook-тегі парақшасында бөлісті.
Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының қызметкері ретінде стандарттауды және оның өміріміздің сапасына тигізетін әсерін зертханашы маман кезден-ақ зерделей бастадым. Бүгінгі таңда бас директордың орынбасары лауазымында жүріп те стандарттауды терең зерттеуді жалғастырып жүрмін. Жұмыс істеп жүрген осы жылдар ішінде байқағаным - өмірдегі барлық іс-әрекет нәтижелері көбіне ғылыми әдістемеге байланысты екен. Ал ол бастапқы түп-тамырымызға байланысты деген ойға жетеледі. Әр халықтың түптамыры бүгінгі күнге дейін осыдан көп уақыт бұрын таңдалған, қалыптасқан құндылықтар жүйесіне негізделген болып саналады, - деді ол.
Ол атағандай, осылайша рухтас әрі ниеттес адамдардан құралған командамызда жаңадан «Этножаңғыру» техникалық комитетін (ТК «Этножаңғыру») құру идеясы пайда болды.
Осы Комитет жұмысының бастапқы кезеңінде әріптестерім ТК төрағасы қызметін стандарттау саласының білгір сарапшысы ретінде маған сеніп тапсырды. Дегенмен, менің ойымша, төраға болуға қазақ мемлекеттілігі, тілі мен этносы мәселелерін жетік білетін, білімді адам лайық. Мен қазіргі төраға ретінде бұл жұмыстың қазақ халқының ата-бабадан аманат болып қалған бай мұрасын сақтауға және шеберлік, кәсіпшілік технологиясын/әдіснамасын болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған мүдделі тұлғалардың жеке бастамасы бойынша ақысыз жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді, - дейді ол.
Ол этножаңғыру ұғымына түсінік берді.
Ең алдымен Этножаңғыру дегеніміз не? Бұл - бүгінде ара-тұра айтылып, еміс-еміс естіліп жүрген, алайда ескіріп, ұмытылып қалмас этникалық жаңғырықтың бір түрі. Өйткені ол қоғамның тамырына сіңген этникалық стереотиптердің, этникалық топ таңдаған ұжымдық басым мінез-құлықтың туындысы. Демек, жалпыға бірдей игілікке жетуге, ортақ іске қатысуға бағытталған. Бүгінде жаһандану процесіне тартылған көпмәдениетті қоғам жағдайында қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және жалғастыру проблемасы ерекше маңызға ие болып отыр. Біз осы миссияның маңыздылығын түсіне отырып, қоғамдық бастамамен «Этножаңғыру» техникалық комитетін құрдық, - деді ол.
Ол атағандай, стандарттау жөніндегі техникалық комитет - бұл стандарттау жұмысына қатысушыларды бекітілген нысандар, қызмет салалары немесе жеке салалар бойынша ұлттық стандарттау жүйесіне құжаттар әзірлеу үшін біріктіретін кеңесші сараптамалық орган.
Комитет мүшелерінің құрамына этнология, стандарттау, экономика, тарих, мәдениет және өзге салалардан сарапшылар шақырылды. Бұл - техникалық саясатты іске асыру мен ілгерілетуді және ұлттық өнімнің халықаралық нарыққа шығуын қамтамасыз ететін, ұлттық мәселелерге қатысты сараптамалық элита болып табылады. Қазіргі уақытта ТК құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, «Qazaq Geography» РҚБ өкілдері, сондай-ақ басқа да мүдделі субъектілер кірді. Бүгінде біз ТК жұмысына қатысуға ниет білдірген барша қауымға құшағымызды ашамыз. Осы маңызды әрі қажетті іске өз үлесін қосуға дайын адамдармен ТК мүшелерінің қатарын кеңейтуге дайынбыз, - деді ол.
Ол кейбір стандарттау субъектісі туралы да айтып өтті.
«Этножаңғыру» ТК аясында біз материалдық құндылықтарды ғана емес, этникалық, тіпті рухани мұраға жататын материалдық емес құндылықтарды стандарттауды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында тілі, туған жер, халықтың әдет-ғұрпы сияқты құндылықтарды қамтитын этномәдениеттің негізгі бір саласы - Ұлттық код бар. Мұнда ұлттық-этно стильдегі тұрмыс-тіршілік заттарына баса назар аударылады. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық азық-түлік өнімдерінің, ұлттық киімдерінің және т.б. стандарттарын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Осы аталған субъектілерді зерттеудің тек қана тарихи-философиялық маңызы жағынан ғана емес, әдіснамалық құралдарға сүйене отырып, зерттеген де жөн, - деді ол.
Оның айтуынша, соңғы жылдары жергілікті тұрғындар арасында да, шетелдік туристер арасында да танымал болып келе жатқан этнотуризмге, атап айтқанда, ат туризміне ерекше назар аударылады. Бұл біздің этномәдениетіміздің жалғасы мен дамуын қажет ететін бөлігі, өйткені көшпелі халықтың өмірінде жылқы жануарының маңызы зор болған. Сондай-ақ, Киіз үйді де стандарттау қажет.
Киіз үй – көшпенділердің ежелгі заманнан бері сақталып келе жатқан және киізбен жабылған дәстүрлі, ыңғайлы баспанасы. Ол Қазақстан мен басқа да түркі тілдес көшпелі халықтардың мәдениетінің символы. Бұл ретте, әрбір өңірде киіз үйдің өзіндік құрылысы және атау ерекшеліктері болды. Осы ұлттық тұрғын үйге қатысты барлық жайт ҚР СТ-да жазылуға тиіс, - деді ол.
Хамитовтың айтуынша, стандарттау үшін этникалық субъектілердің алуан түрлілігі соншалық, жаңа техникалық комитетте бұдан әрі атқаратын шаруа көп.
Сондықтан біз этникалық мұраны стандарттау – негізгі міндет деп білеміз. Қоршаған орта, өмір сүру, денсаулық және мүлік үшін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында стандарттау субъектілерінің нормаларын, қағидаларын және негізгі сипаттамаларын белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттарды (стандарттарды) әзірлеу және бекіту қажет. Құжаттардың техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету, оларды жалпыға ортақ және бірнеше рет қолдануға арналған ережелерді анықтау арқылы осы салада оңтайлы ретке келтіру дәрежесіне қол жеткізуге бағыттау, - деді ол.
Ол атағандай, ТК-ны құру мен жұмысының өзектілігі – бүгінгі таңда тарихты, этникалық бірегейлікті, қолөнершілікті дамытуға қызығушылықтың артуы болып отыр.
Сонымен қатар, этноөңдеу өнімдерін зерттеумен, шығарумен және сатумен айналысатындар көбінесе кейбір тарихи жайтты ескермейді. Тіпті тарихи канондар мен нормаларды бұрмалайды. Бұл зерттеушілердің әдістемелік (немесе құжатталған) негіздері болмағандықтан орын алады. Осыған байланысты біздің сарапшылар қауымдастығының жоспарланған жұмысы, біз ұсынатын этникалық субъектілерді жүйелі талдау әдістемесі бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, осы ТК жұмысының ерекшелігі Қазақстанның барлық ұлттық мұрасын қамтуға, оны әр тараптан талдауға әкеліп, сонымен бірге қоғамның барлық саласын біріктіріп, экономиканы, тарих пен мәдениетті бір ортақ зерттеу пәніне біріктіруге мүмкіндік беретін пәнаралық тәсілде жатыр. Нәтижесінде бұл бізге дерексіздік пен догматизмді болдырмауға көмектесе отырып, этникалық стандарттаудың дамуы мен қалыптасуының нақты серпінін береді. Біз осы идеяларды іске асыру үшін жиналып, отырыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жөнінде қосымша ақпарат береміз. Сіздердің әрқайсыңыздың ой-пікірлеріңіз өте маңызды, - деп түйіндеді ол.