Этнос өкілдерінің қазақ еліне айтар алғысы мол – Роза Пак
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак алда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясы қарсаңында өз пікірін білдірді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары жыл сайын өзіндік ерекшеліктерімен өтеді. «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» атауымен өтетін биылғы сессияда тақырыбы айтып тұрғандай, әлеуметтік-рухани мәселелерге ерекше назар аударылады», - деді Роза Пак.Корей этномәдени бірлестігінің төрайымы елдің татулығы мен бірлігі жолында Ассамблеяның атқарар орны ерекше екенін атап өтті.
«Біз тәуелсіздік жылдары татулық пен келісім формуласын ұқыпты іске асырып, биік белеске жеттік. Осы бағытта жылдар бойы қажырлы жұмыс атқарылды. Ел тұрғындарының басым бөлігі тыныштық пен қоғамдық келісімнің мәнін ұқты. Өзара сыйластық пен бірліксіз қоғамда береке болмайтынын әрбір қазақстандыққа түсіндіру жолында ауқымды жобалар іске асты. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен абыройы айрықша. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен құрылған бұл институт қазақ жерінде татулық пен келісім идеясының қалыптасып, іске асуына сүбелі үлес қосты», - деп сөзін жалғады ол.
Роза Пак Ассамблея төрағасы жүктеген міндеттерді іске асыру керектігін айтты.
«Жүзден астам этнос өкілдерін берекелі шаңырақ маңайына топтастырып, елдің қарышты өсіп-өркендеуіне септігін тигізді. Этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге жағдай жасады. Осындай байсалды бастамалар үшін қазақстандық этнос өкілдерінің барша қазақ еліне айтар алғысы айрықша. Әр жылғы ҚХА сессияларында сөз сөйлеген азаматтардың ой-пікірлерінен осыны ұғуға болады. Бірлік бар жерде нәтижелі тірлік болатынын бүгінде барша ел тұрғындары ұғынды. Біз осы бағытта жұмыстарды жалғастырып, берекелі бірлік пен тұғырлы татулық жолын насихаттап, Ассамблея төрағасы жүктеген абыройлы міндеттерді іске асыратын боламыз», - дейді Роза Пак.