Этномәдени бірлестіктер мемлекеттік бағдарламаларға атсалысуда – Мұхамбетов

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы мерекелік іс-шаралар легі «Бірлігі жарасқан халық – мықты ел» атты этнофестивальмен басталды. Фестивальде Қазақстанды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті көрсетіліп, жұртшылық әртүрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов этнофестивальге қатысушылардың өнерін тамашалап, орталыққа жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.


«Бұл мереке көпұлтты еліміз үшін өте маңызды. Бүгінде бірлік пен келісім арқылы егемен Қазақстан экономикасы қарыштап дамыған қуатты мемлекетке айналды. Облысымызда жүзден астам ұлт пен ұлыс, 10 діни конфессия түсінісіп өмір сүруде. Кеше ғана елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII кезекті сессиясы өтті. Оған өңірімізден үлкен делегация барып қатысты. Олар облысымызға жаңа серпін алып келді», – деді Архимед Мұхамбетов.

Қостанайдағы Қоғамдық келісім үйінде 17 этномәдени бірлестік жанынан сегіз жексенбілік мектеп ашылған. Онда корей, неміс, татар, башқұрт, украин және тағы басқа тілдер оқытылады. Облыс әкімі этномәдени бірлестік өкілдері ұлттардың мәдениетін сақтауға ғана емес, өңірде ынтымақ пен келісімді дамытуға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға үлес қосып отырғанын атап өтті.


«Жомарттығымен танылып жүрген корей қауымдастығының мүшесі Ким Игорь Романовичті ерекше айтқым келеді. Ол басқарып отырған компания «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын атсалысып, көптеген тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл қаламыздың көркеюімен қатар, халық тұрмысының жақсаруының бір көрінісі», – деді өңір басшысы.

Қоғамдық келісім үйіндегі этномәдени бірлестіктердің кеңселерін материалдық-техникалық жабдықтау үшін 3 млн теңгенің сертификаты табысталды.

«Бірлік мерекесі Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлыстардың туыстас, бауырлас бола түскенін көрсетеді. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында да бұған көз жеткіздік. Бұл – елдегі дұрыс саясаттың жемісі», - дейді «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігінің жетекшісі Қанатбек Беделбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы