Этномәдени бірлестіктердің жұмысын жүргізуге 22 млн 539 мың теңге бөлінді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдегі 87 этнос өкілдері мен 75 этномәдени бірлестікті бір мүдде төңірегінде топтастырып, жұмыс істеуде. Былтырғы сессиядан кезекті жиынға дейінгі кезеңде Ассамблея мүшелері 170 мыңнан астам адамды қамтыған 1376 іс-шара өткізген.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева өңірлік Ассамблеяның ХХІІ сессиясында айтты.

«Ассамблея қоғамды ұйыстырушы әлеуетке ие. Дегенмен, бүгінде бір шаңырақ астына топтасқан этностардың өзара ауызбіршілігін күшейтіп, жұмыс сапасын арттыруға баса мән берілуде. Биылдан бастап Ассамблея құрылымына қоғамдық аккредитациядан өткен этномәдени бірлестіктерді ғана кіргізу туралы талап қойылды. Біздің өңірде аккредиттеу комиссиясы 32 этномәдени бірлестіктің өтінішін қарап, мақұлдады», - деді Маржан Төреғұлқызы.

Спикердің сөзіне қарағанда, оның 25-і облыстық, 1-уі қалалық және 6-уы аудандық деңгейде құрылған екен. Ал мәдениет күндерін өткізу, ұлттық костюмдерді сатып алу, этномәдени бірлестіктердің халықаралық және республикалық іс-шараларға қатысуы үшін жергілікті бюджеттен 22 миллион 539 мың теңге бөлінген.

Айта кетейік, осы жиында Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Гулам Умаров Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында қолға алған бастамаларына қолдау білдіріп, көрші Түркістан облысындағы өзбек этносы өкілдерінің жер игерудегі тәжірибесімен бөлісуді ұйымдастыру керек деген ойын ортаға салды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы