Еті сенікі, сүйегі менікі: Qazcontent пен ЕҰУ меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Qazcontent» АҚ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Меморандум аясында Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері кәсіптік дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Факультет деканы Қайрат Сақтың айтуынша, БАҚ-пен байланысты күшейту журналистерді дайындау сапасына оң ықпал етеді.

Меморандум екі тарап үшін де өте пайдалы. Еуразия ұлттық университетінде 1995 жылдан бері журналистік кадрлар дайындалуда, жылдан-жылға дайындау сапасы өсіп жатыр. Оның бір мүмкіндігі – бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты күшейту. Университетімізде "Хабар" агенттігінің, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының арнайы аудиториялары бар. Осы жұмысты одан әрі жалғастырып, Qazcontent-пен байланысты нығайтуымыз керек, - деді Қайрат Сақ.

Декан Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Qazcontent-ке қарасты El.kz, Baq.kz, Baigenews.kz, E-History, Adebipportal.kz, Primeministr.kz, Ruh.kz ақпараттық-танымдық порталдарында өндірістік тәжірибеден өтетінін айтты.

Меморандум аясында Qazcontent-те кафедраларымыздың филиалын ашу жоспарланып отыр. Ол филиал ашылса, дуалды оқуға мүмкіндік ашылады. Яғни студенттеріміз теориялық білімді осында, практикалық білімді порталдар мен сайттарда алады. Бұл – студенттер үшін үлкен мүмкіндік, - деді ол.

«Qazcontent» АҚ төрағасы Бекзат Жүсіп өз кезегінде Астанада, сондай-ақ елдің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан медианарықтағы мықты мамандар ЕҰУ-дан шыққанын атап өтті.

Qazcontent-тің құрылғанына 15 жылға жақындап қалды. Компанияда мықты мамандар, Еуразия ұлттық университетінің түлектері де жұмыс істейді. Осы университететпен меморандумға отыру – әріптестікті нығайту. Бұған дейін де байланысымыз болды. Оны ары қарай да дамытып, осы меморандум аясында басқа да бірлескен жұмыстарды жандандырамыз деп ойлаймыз, - деді ол.

Меморандумға қол қою рәсімінде университет ректоры Ерлан Сыдықов оқу орын тарапынан медиакомпания басшылығына әртүрлі ұсыныстар айтты. Оның ішінде ЕҰУ мен Qazcontent бірлесіп, журналистердің біліктігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламасын құруды ұсынды. 

Ерлан Сыдықовтың ойынша, біліктікті арттыруға арналған курстар қазіргі журналистердің кәсіби мәдениетіне қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі.

Бағыт беру – тек мұғалімдердің, тәрбиешілердің міндеті емес, дұрыс жолға қойылған БАҚ-тың да міндеті. Өйткені БАҚ ақпарат берумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, анализ жасап, тәрбие құралы болуы керек. Осы тұрғыда Qazcontent-тің маңайына жинақталған сайттарды, порталдарды біз жақсы пайдаланып отырамыз. Сіздермен келісімшартқа келуіміз ойымыз бен миссиямыз, бағытымыз бен мақсатымыз бір жерден шығып отырғанының белгісі, - деді ректор.

Ерлан Сыдықов алдағы уақытта Qazcontent-тен өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерді «Qazcontent» АҚ төрағасы Бекзат Жүсіпке тапсырды.

Сіздерге тәжірибеге келетін студенттер бір жағынан тегін жұмыс қолы, қолды-аяқты бала. Қазақ «сүйегі біздікі, еті сіздердікі» деп айтады ғой. Өйткені оларды неғұрлым жұмысқа көбірек салса, соғұрлым келешегі жақсы, - деді ол.

Айта кетейік, меморандумға қол қою рәсімі алдағы екі күнде “Qazcontent” АҚ-ның белді журналистерінің студерттерге арналған шеберлік сағаттарымен және болашақ журналистерді медиакомпанияға қарасты ақпараттық-танымдық порталдардың редакциясы әрі жұмысымен таныстырумен жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы