Қазақстан ет экспорттауда жетекші мемлекет бола алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік банкі "Мал шаруашылығын тұрақты дамыту" жобасы аясында алғашқы қоғамдық кеңес өткізді.

Іс-шараға жеке және мемлекеттік секторлардың, салалық одақтар мен қауымдастықтардың, талдау орталықтарының, азаматтық қоғам, БАҚ өкілдері қатысты.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Үкіметінің сұрауына сәйкес Дүниежүзілік банк тобы Қазақстанда 2020-2024 жылдарға арналған мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасын әзірлеуде.

Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Жан Франсуа Мартоның айтуынша, Дүниежүзілік банк пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі үшін бағдарламаны табысты әрі инклюзивті етіп әзірлеу үшін осындай интерактивті және ашық талқылаулар өте маңызды.

Біз Қазақстан мемлекетінің қосылған құны жоғары ет экспорттаушысына айналуына, сондай-ақ осы салада еңбек ететін шаруалардың санын арттыру бағытындағы көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Ж.Ф.Марто.

Ұсынылып отырған мал шаруашылығын дамыту жобасы қазақстандық экспортты әртараптандыруға бағытталған. Ол сондай-ақ жеке сектордың өсуін ынталандыру мен ауылдық аймақтарды дамытуды көздейді. Сондай-ақ, жоба Қазақстанның үлкен жайылымдық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы агроөнеркәсіптік кешендерінің өнімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Ұсынылып отырған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" мемлекеттік бағдарламасы мен "Етті мал шаруашылығын дамытудың" ұлттық стратегиясының негізгі бағыттарына сай келеді. Аталмыш бағдарлама еліміздегі мал шаруашылығы саласын дамыту үшін - экспортқа бағдарланған еттің өндірістік-өткізу тізбектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатындағы көрсеткіштерге негізделетін болады, - деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Гүлмира Исаева.

Оның айтуынша, үш бағыт бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу жоспарлануда. Біріншіден, шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдері қайта қаралады. Өнімді тікелей субсидиялаудан бас тарту және жеңілдетілген несиелендіруге көшу, фермерлік шаруашылықтар үшін салықтық реттеу рәсімдерін жеңілдету және экспортқа рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу қарастырылады.

Екіншіден, экспортқа және бәсекеге қабілеттілікті қолдау үшін халықаралық тәжірибелер негізінде қадағалау жүйесі әзірленетін болады, ветеринариялық қызметті халықаралық талаптарға сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғастырылады, етті мал шаруашылығында жұмыс істейтін фермерлерді оқыту жүйесі енгізіледі.

Үшіншіден, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру және кіріс табыстарын арттыру мақсатында кооперацияда мал бордақылау алаңдарында ет өндіру бағытында жұмыс істейтін 2 мыңнан астам отбасылық фермерлік шаруашылықтар құру жоспарлануда.

Жобаны іске асыруда Дүниежүзілік банктің "нәтижеге бағдарланған қарызы" қаржылық құралы қолданылатын болады. Ол қарыз қаражатын төлеуді бағдарламаның нақты келісілген нәтижелеріне қол жеткізумен тікелей байланыстырады, және қаражатты аудару үшін арнайы индикаторлармен өлшенеді (ИПС – Disbursement Linked Indicators DLIs).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы