Ет бағасын көтеретіндерге шара қолданамыз – министр
Қазақстанда ет бағасын өсірген делдалдар айыппұл арқалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.
Айтуынша, бағаны шарықтатқандарға шара қолданылады.
Біздің негізгі мақсатымыз – қолжетімді сауда сөресі. Саудада тиімсіз делдалдар деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, жалпы алғанда, сауда саласында 1,5 млн адам жұмыс істейді. Делдалдарға қатысты 45 әкімшілік іс қозғалды. Біздің өндірушілер базар болсын, сауда желісі болсын, ет тапсыратын кезде қандай да бір кедергіге ұшыраса, бірден хабарласады. «Береке-фест» деген іс-шара өткізгелі жатырмыз. Жиналған өнім тұтынушыларға тікелей тиімді, арзан бағамен сатылатын болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, министрлік мал етінің белгілі бір бөлігіне қойылатын бағаны реттеуге құзыретті.
Өздеріңіз білесіздер, біз (қара малдың етінің – ред.) жауырын-кеуде бөлігінің (бағасын – ред.) реттеуге жауап береміз. Егер арыз түссе, міндетті түрде әкімшілік іс бастаймыз. Оларға айыппұл салынады. Биыл осындай делдалдарға 350 млн (теңге – ред.) айыппұл салынды, - деді Арман Шаққалиев.