Ет бағасын кімдер көтеріп отыр?
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ет бағасының қымбаттауына кім кінәлі екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мал өсіру - өте қиын жұмыс. Мал шаруашылығымен айналысу үшін оның артында күні-түні жүру керек. Үлкен еңбек, көп шығын. Сол себепті әр адам өз малын қымбатқа сатқысы келеді. Бүгінде еттің орташа бағасы бір келісіне 2600 теңге. Бірақ ортаға делдалдар кіріп кетіп, баға көтеріліп кетіп жатады. Бұл мәселені Сауда министрлігімен бірге қарап жатырмыз. Егер ет бағасын артық қойып жатса, жауапкершілікке тартамыз, - дейді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаров Құрбан айт кезінде қой бағасының қымбаттап кетуі қалыпты дейді. Себебі әр адам өз еңбегін қымбат бағалайды.
Құрбан айтта сатушыларға арзан сат деп айтуға деп сөз бармайды. Иә, баға әртүрлі болды, кейбір жерде қымбаттау да болған шығар. Үлкен қала болған соң қойларды сататын жер біреу ғана болмау қажет. Оның сату нүктелері көп болған жөн. Сол жердегі әкімшіліктің ветеринарлары болуы шарт және өнімнің құжаттары дұрыс болуға тиіс. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді ол.