Ет бағасы неге қымбаттап жатыр – Сауда министрінің жауабы

Үкіметтегі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев журналистердің ет бағасына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, еттің қымбаттауы – тек ішкі емес, жаһандық деңгейдегі мәселе.

Шілде айында айлық инфляция 0,7% болды. Мұндай серпіліс соңғы екі жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Ал оның негізгі қозғаушы күші – сиыр еті. Біз әрдайым етті әлеуметтік маңызы бар ең күрделі тауарлардың бірі деп айтып келеміз. Қазіргі уақытта еттің қымбаттап жатқанын рас байқаймыз. Мұнда екі фактор бар. Біріншісі – бұл Бразилия, Аргентина сияқты әлемдік ірі ойыншылардағы өндіріс көлемінің өзгеруіне байланысты жаһандық мәселе. Екіншісі – бүгінде көршілес елдерде ет бағасы әлдеқайда жоғары. Сондықтан, бұл жерден өнімнің сыртқа ағылу қаупі туындайды, – деді Шаққалиев.

Министр ішкі нарықта тапшылық жоқ екенін мәлімдеді.

Үкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр. Алматы мен Шымкент қалаларында нүктелі шаралар қабылданған, бағадағы ауытқулар мұқият бақылануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі де қолдау көрсетуде – бордақылау алаңдарына әр келі үшін 175 теңгеден субсидия беріледі. Алайда бұл қолдау еттің ішкі нарықта қалуы шартымен ұсынылады.

Біздің мақсат – 0,4 пайыздық пункт шегінде қалып, Ұлттық экономика министрлігі белгілеген жылдық 7,5–8% дәлізінен шықпау. Бізде индикативті жоспар бар, қай өңірде және қашан тауарлық интервенция жасау қажет екенін қарап отырамыз, дүрбелеңнің алдын алу үшін шаралар қабылдаймыз. Сондай-ақ заңсыз экспортты бақылауға бағытталған іс-шаралар күшейтілуде, – деді министр.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, сиыр етінің қымбаттауы басқа ет түрлеріне – жылқы еті мен құс етіне де әсер етуі мүмкін, өйткені тұтынушылар қолжетімді баламаларға көшуі ықтимал. Дегенмен, министр дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтты.

Нарықта ет болады. Иә, бағасы әртүрлі , бірақ тапшылыққа жол бермейміз, – деді Арман Шаққалиев.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы