Ет бағасы неге қымбаттап жатыр? – АШМ басшысы жағдайды түсіндірді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметте өткен брифингте ет бағасының қымбаттауының негізгі себептерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қуаңшылықтың қазіргі ет бағасына қатысы жоқ. 2023 жылы астық өнімді болғанымен, еттің қымбаттауына басқа факторлар әсер еткен.

Тәжікстан мен Өзбекстаннан етке деген сұраныс күрт көбейді. Оған қоса, Қазақстандағы делдалдар да жағдайды пайдаланып, бағаны өсірді. Қазір нарықта баға біртіндеп тұрақтанып келеді, - деп түсіндірді министр брифингте.

Министрдің айтуынша, ет бағасы 2 700-3 300 теңге аралығында сатылып жатыр. Кейбір ет бөліктері 3 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Көтерме баға бұрын 1 100-1 300 теңге болған, ал қазір сұраныстың артуына байланысты 1 500 теңгеге дейін көтерілді, - дейді ол.

Сапаровтың айтуынша, бағаның қаншалықты өсетінін нақты болжау қиын. Себебі сауда орталықтары бағаны өздері белгілейді. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі сауда орындары мен шекті бағаны реттеуге күш салып жатқанын атап өтті.

Министрдің сөзінше, өңірлерде ет бағасы 2 700-2 800 теңге көлемінде ұсталып отыр. Бірақ сыртқы нарықтағы сұраныс сақталса, бағаның одан әрі өзгеруі мүмкін.

Айта кетейік, осыған дейін шаруаларға дизель отыны қаншадан сатылатыны белгіленгені туралы жазғанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы