Ет ауылда 3 мың теңге, ал қалада 6 мың теңге: Зайытов делдалдардың әрекетін сынады

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке елдегі ет нарығындағы ахуалға байланысты сауал жолдады. Оның айтуынша, ел арасында "ет қымбаттады" деген түсінік қалыптасқанымен, бұл жағдайдан пайда көріп отырған шаруалар емес, делдалдар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ет қымбаттады дегенде, мал өсіріп отырған шаруалар пайда көріп жатыр деп ойлайсың. Алайда шын мәнінде жағдай басқаша. Ауылға барсаң, ет сол баяғы 3 мың теңге шамасында. Ал базарда 5-6 мың теңгеден сатылып жатыр. Демек, нақты қымбатшылық жоқ, айырмашылықты делдалдар ғана қалтаға басып отыр, – деді Зайытов.

Депутаттың айтуынша, ауылдағы мал иелері өнімін тікелей қалаға алып келіп сата алмайды. Себебі базарда сауда орындары шектеулі, сағат таңғы 4-ке дейін ет әкеліп үлгеру керек, жәрмеңкелерде орындар сатылып кеткен деген шағымдар бар және экспортқа да шектеулер көп – етке, жүнге, теріге лимит қойылған.

Шаруалар етін өздері сатып пайда таппаса, олар қалай өмір сүреді? Экспортқа да шектеу қойылып отыр. Сонда бұл салада кім ұтып отыр? Әлбетте, делдал. Осы орайда екі нақты сұрағым бар. Делдалдармен күресті қалай жүргізіп жатырсыздар? Экспорт лимитін арттыру жоспарыңыз бар ма? – деп сауал жолдады депутат.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жыл басынан бері 10 мыңға жуық сауда тізбегі талданған.

Баға қалыптастыру процесі толықтай талданды, яғни көтерме саудадан бастап бөлшек саудаға дейін. 700-ден астам әкімшілік іс қозғалды. Соңғы үш айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасында өсу байқалмады. Егер заң бұзушылық анықталса, нақты шаралар қабылдаймыз, – деді министр.

Делдалдарға қатысты министр нақты бөліну керегін айтты.

Делдал – бұл нарықтың бір бөлігі. Бірақ өнімсіз делдалдар мәселесі бар. Мысалы, еттің өзіндік құнына көлік, сақтау, тасымал сияқты шығындар қосылады. Бағаның өсуі тек алыпсатарлықтан емес, осы факторларға да байланысты, – деді ол.

Экспорт мәселесі бойынша, Шаққалиев қазіргі таңда ет экспортына қойылған 13 мың тонналық квота соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін айтты.

Орташа есеппен соңғы бес жылда жылына 11 мың тоннадан аспаған. Сондықтан бұл квота экспорттаушылар үшін жеткілікті деп санаймыз. Экспортқа зиян келтірмейді, – деп түйіндеді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы