Эстониядағы ең ірі саябақта Димаштың құрметіне тал отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 мамырда Эстонияның жүрегі Таллин қаласында Димаштың құрметіне отырғызылған талдың жанында ескерткіш белгі орнатылды. Бұл туралы Dimashnews.com сайтында жазылды.

Гүлдеп жатқан тал күллі Солтүстік Еуропадағы әсем де тарихи саябақтардың бірі саналатын Кадриорг саябағындағы үлкен аллеяда отырғызылған. Аталған шараны қазақстандық әншінің Эстониядағы "Dimash Estonian Dears" фан-клубының өкілдері ұйымдастырды.

2018 жылы эстониялық фанаттар Димаштың Лондондағы концертіне барғаннан кейін 2019 жылдың наурызында "Dimash Estonian Dears" фан-клубын құрды. Фан-клубтың негізін Марика Макарова, Маргит Кару және Улле Круусе қалады. Қазақстандық орындаушыға арнап тал отырғызу бастамасын да осы фанаттар көтерген.

Әншінің туған күніне бір ай қалғанда эстониялық Dears Димашқа қандай сыйлық жасау керектігін ойластыра бастаған. Олардың пайымынша, ол ерекше әрі өмір бойы есте қалуы тиіс сыйлық болу керек екен. Фан-клубтың негізін қалаушылардың бірі Улле Круусе танымал тұлғалар есімдерімен аталған аллеяда орналасқан әйгілі Кадриорг саябағында қызмет етеді екен. Фан-клуб әкімшілігі көп ойланбай Димашқа арнап тал отырғызу керек деп шешкен. Ерекше әрі есте қаларлық сыйлық, - делінген хабарламада.

Димаштың атындағы тал сәуір айында отырғызылды, ал белгі қазақстандық әншінің туған күні қарсаңында орнатылды.
Сонымен бірге, ескерткіш белгінің ашылуына Қазақстанның Эстониядағы елшісі Нұрлан Сейтімов қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы