Ескінің тозығын тастап, жаңаның озығын дамыту керек - Аида Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен елордада «Рухани жаңғыру және ұлттық дәстүрлерді сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Онлайн-форматта өткен жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева төрағалық етті. Министр Аида Балаева қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазылғандай ұлттық бірегейліктің негізін құрайтын мәдениет пен дәстүрлерді сақтау қажеттілігін еске салды. Осы орайда, министр Президенттің тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын мерекелеу Тұжырымдамасының жобасы дайындалғанын және соған сәйкес мерекенің рухани-адамгершілік мазмұнын дамытуға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыру жоспарланғанын айтты.
  Руханият мәселесі – тек ескі салт-дәстүрлердің жиынтығы деп қарау емес. Ескінің тозығын тастап, жаңаның озығын дамыту, оны ұрпақ бойына дарыту да – рухани тәрбиенің өзегі болуы тиіс. Жас ұрпақты бүгінгі заманның теріс қылықтарынан қорғап, дұрыс құндылықтарына тәрбиелеу  өзекті мәселе, - деді Аида Балаева.

  Іс-шараға мемлекеттік органдар мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сарапшылар қатысты. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының пікірінше, көзқарасы мен дүниетанымы өзгерген қазіргі қоғамда «Рухани жаңғырудың» ұстанымдарын халыққа басқаша жолдармен түсіндіру қажет.

Қазіргі цифрланған заманда ұлттық санамызды жаңғыртып, дәстүрлерімізді сақтап қалу маңызды. Бұрын біз қалада қазақ тілі жойылып барады байбалам салып, алаңдаушы едік. Қазір қаланың тілі де қазақыланып жатыр. Бірақ одан рухани жаңғырып кете қойғанымыз шамалы. Проблема шешілген жоқ. Жастардың түйсігі, түсінігі басқа. Сондықтан, оларға жастардың тілінде түсіндірген жөн. Кейінгі кездері елімізді әлемдік ареналарда танытып жүрген жастарымыз көп. Енді солардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру керек - деді Берік Әбдіғалиұлы.

           

 «Ұлттық тәрбие отбасыдан басталады» тақырыбында баяндама жасаған «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Боқанова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидалары негізінде мeктeпкe дeйiн жәнe мeктeп жacындaғы бaлaлapды pухaни-aдaмгepшiлiкке тәрбиелеу тұжырымдамасының дайындалғанын жеткізді.

 Кез келген қоғам отбасы институты арқылы қалыптасады. Жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтар жойылып, әлем бойынша отбасы дағдарысы байқалады. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің рөлі төмендеп, жастардың арасында шаңырақ құруға ұмтылыстың жоқтығы да көрініс беріп отыр. Осыған орай, қоғамда отбасы институтының рөлін көтеру, үздік отбасыларды насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына отбасылық дәстүрлер мен ұлттық тәрбиені сіңірудің өзектілігі жоғары, - деді Жанар Боқанова.

            Осыған байланысты, министрлік «Ақылды ұрпақ», сондай-ақ бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған «Ulttyq tarbie» жобалары іске асырылатынын хабарлады. Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлық ұсыныстары мен ескертулері жинақталып, «Рухани жаңғыру» орталығының алдағы жұмысында ескерілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы