Ескі үйлерді жөндеу үшін коммуналдық тарифтер көтеріле ме? – Министрлік жауап берді
Қазақстанда ескі тұрғын үйлерді жаңғырту үшін электр энергиясы, су немесе жылу тарифтерін көтеру көзделмеген. Жөндеу жұмыстары жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Құрылтайда брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, жаңа заң жобасы тұрғындарға тиесілі қолданыстағы тұрғын үйлерге қосымша міндет жүктемейді. Күрделі жөндеу, жаңғырту немесе ағымдағы жөндеу қажеттілігі туындаған жағдайда шешімді үй иелері өздері қабылдайды.
Қолданыстағы заң жобасы Қазақстан азаматтарының тұрғын үйлеріне қатысты қосымша міндет жүктемейді. Бұл нысандар заң жобасының аясынан шығарылған. Жаңғырту немесе жөндеу қажеттілігі туындаса, оны меншік иелері өздері шешеді. Ал жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі, – деді Қуандық Қажкенов.
Сонымен қатар вице-министр келесі жылға тұрғын үйлерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен де қаражат қарастырылғанын айтты. Бұл қаражат жергілікті атқарушы органдарға бағытталады.
Оның түсіндіруінше, қаржыландырудың бір тетігі – 1 пайыздық мөлшерлемемен жеті жылға берілетін қаражатты кейін қайтару.
Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің ОСИ-і жүргізетін ағымдағы жинақ шотындағы қаражатты пайдалану мүмкіндігі бар. Жөндеу жұмыстарының қажеттілігі мен оған жұмсалатын қаражатты үй тұрғындары өздері шешеді.
Қуандық Қажкеновтің сөзінше, бұл тетіктер тұрғындарға қосымша тарифтік жүктеме түсірмейді. Электр энергиясы, су және жылу тарифтерін реттеу Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне жатады.
Ал жаңа заң жобасындағы энергия тиімділігі талаптары жаңадан салынатын ғимараттарға қатысты болады. Атап айтқанда, жобалау кезеңінде энергия үнемдейтін шамдар, сорғылар, автоматтандырылған есепке алу жүйелері сияқты технологияларды қолдану қарастырылады.
Бұл талаптар нормативтік-техникалық құжаттамаға енгізіліп, ғимараттың жобалау, сараптама және құрылыс кезеңдерінде ескеріледі. Құрылыс барысында жобаның авторы, техникалық қадағалау және мердігер ұйым бақылау жүргізеді. Сонымен қатар нысанды пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының өкілдері қатысады.
Вице-министрдің мәліметінше, 2024 жылы тұрғын үйлерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінген. Ал 2025-2026 жылдары жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Бұл ретте тұрғындар жиналыста шешім қабылдап, тиісті өтінімді жергілікті атқарушы органға ұсынады.
Келесі жылы да өңірлерде тұрғын үйлерді жаңғыртуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жоспарланып отыр.