Ескі үйлер мен дачаларды да есепке қосты деген ақпарат бар. Тоқаев пәтер мәселесі туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салынған тұрғын үй есебін қайта тексеру керегін айтты.
Былтыр еліміз бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл бұрын ешқашан болмаған көрсеткіш. Алайда оның қаншалықты дұрыс мәлімет екенін тексеру керек. Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен дачаларды да есепке қосып жіберді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан бір млн шаршы метр көбірек үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр, - деп атап өтті Президент.
Сөзінше, елордада ахуал осыны дәлелдеп отыр.
Қалада алдағы 3 жылда сағатына 902 ккал жылу тапшылығы болуы мүмкін. Дәл осындай мәселе кейбір облыс орталықтарында да бар. Құрылыс жоспарын ескере отырып, оған қанша коммуналдық инфрақұрылым қуаты қажет болатынын болжап білу керек. Үкімет бұл жұмысты әкімдермен бірлесіп атқаруы тиіс, - дейді ол.
Тоқаев осы талдаудың негізінде нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Бұдан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерлерде ғана тұрғын үй салыну керек, - деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.