Бүгiн 2026, 17:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ескі техника агроөнеркәсіптің тиімділігін тежеп отыр – сарапшы

Қазақстан ауыл шаруашылығында отандық техниканың үлесі 90 пайызға дейін жетті.

Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 млн гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 трлн теңгеден асып, 6%-дан астамға өсті. Астық жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жетті. Экономист Айбар Олжай бұл қарқынды әрі қарай сақтап тұру үшін техникаларды жаңарту керектігін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника жүр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады. Осы көрсеткішті 10% деңгейіне жеткізуіміз керек, - дейді ол.

Қазақстанда техника бар, бірақ оның басым бөлігі моральдық тұрғыдан ескірген. Бүгінгі бәсекеде өнімділік шешуші факторға айналды.

Техниканы өзімізде өндіру өнеркәсіптік жоба ғана емес, сонымен қатар бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығының маңызды элементі болып табылады. Ел ішінде өндірілетін техника көлемі артқан сайын, аграршылар сыртқы логистикаға, валюта бағамының ауытқуына, жеткізу мерзімдеріне және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігіне тәуелділіктен азаяды, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше Қазақстан жетекші шетелдік брендтерді тартады, бірақ біртіндеп өндірісті, сервисті, кадрларды даярлауды және технологиялық тізбектің бір бөлігін ел ішіне көшіреді. Бұл өз өнеркәсіптік базамызды қалыптастырады.

Мұндай тәсіл екі жақты нәтиже беретіні анық. Фермерлер неғұрлым қолжетімді әрі заманауи техникаға ие болады, ал экономика жаңа жұмыс орындарын, құзыреттерді, салықтарды және ел ішінде қалыптасатын қосылған құнды алады, - деп түсіндіреді қаржыгер.

Үкіметтегі кездесуде Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойылды.

Осы бағытта енді тағы да дамимыз. Бізге техника аздық етпейді, ескілерін тез ауыстыру керек. Бұл қарқынды сақтап, одан әрі арттыру үшін бізге жаңа, тиімді техника керек,-деп жазады Айбар Олжай.