«Ескі суреттер» сөйлейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарихтан сыр шертетін ескі суреттер енді жаңа деммен қайта шығады. Блогер Аршат Ораз әртүрлі тақырыптағы ақ-қара суреттер өңделіп, жарық көретін «Ескі сурет» сайтын ашты.
Eskisuret.kz – 2018 жылы Telegram-да басталған каналдың вебсайт ретіндегі жалғасы. Суреттердің барлығы әлеуметтік желі және интернеттегі ашық ресурстардан алынған.1976. Алматы мақта-мата комбинатындағы жұмысшы қыздар
Telegram-дағы «Ескі сурет» каналын ашқаныма 3 жыл болды. Өзіме ұнаған тарихи маңызы бар суреттерді бөлісіп жүрдім. Қазір біраз мұрағат жиналып қалыпты. Сондықтан тек ол желімен шектеліп қалмай, басқалармен де бөлісейін деген мақсатпен осы сайтты аштым. Материалдар сайтқа салынғанымен арнайы бағдарлама арқылы автоматты түрде басқа әлеуметтік желілерде де жарияланады. Яғни, бір орталықта жарияланған нәрсе, өздігінен басқа жерлерге де лезде тарайды. Осылайша, тарихи суреттерге қызығатындар аудиториясы ұлғаяды. Қазір технология заманы ғой. Осындай мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа? Суреттерді ғаламтордағы ашық ресурстардан аламын. Барынша сол суреттің уақыты және не туралы екенін жазып отырамын. Кей суреттерді канал қолданушылары жібереді, - дейді идея авторы Аршат Ораз.
1996. Атланта Олимпиадасы. Бокстан Қазақстан құрамасы
Табылған ақ-қара фотолар Артемий Лебедев студиясының «Колор» атты онлайн қызметі арқылы түстендірілген. Сайтта жарияланған әр материал арнайы құрал арқылы автоматты түрде Facebook, Twitter, Telegram-дағы каналдарға жарияланады. Аршат Ораз сайт жасау мен тарихи суреттерді жинау өзінің жеке хоббиі екендігін айтты. Автор суреттерді өзі таңдайды. Көбіне танымал тұлғалар, оқиғалар, мекен суреттерімен бөліседі. Сондай-ақ қазақтардың өткен ғасырдағы тұрмыс-тіршілігін танытатын суреттер де жоқ емес.
Суреттерді басында табылған күйінде жариялап жүрдім. Ал енді жеке сайты ашылғасын ерекшелік болсын деп онлайн түстендіру қызметі арқылы ақ-қара суреттерді түрлі-түсті қылып жариялайтын болдым. Яғни нақты дәл шықпаса да, қолданушылар бұрынғы кезді басқаша форматта елестетіп көрсін деген ниетпен. Әсіресе, балалардың қабылдауына оңай болады. Әйтпесе бағзы заман ақ-қара болған деген түсінік те жоқ емес, - деді ол.
1913. Троицк. «Айқап» журналының редакциясы. Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Пазыл Әбутәліпов
Жаңа материалдарды көру үшін өзіңізге ыңғайлы желідегісіне жазылып алуыңызға болады. Сондай-ақ смартфондарға арналған PWA нұсқадағы мобильді қосымшаны орната аласыз.
Мобильді қосымша түсінігі де қазір өзгерді. PWA деп аталатын технология арқылы қолданушы Google Play немесе App Store платформасынан қосымша түсіруі міндетті емес. Жаңа технологиядағы мобильді қосымшалар қолданушы смартфонына сайтпен бірге өзі келеді. Оны негізгі экранға орната алады. Кейін жаңа материалдар салынған кезде бірден сол қосымша арқылы қарай алады. Сайтқа сурет қосқыңыз келсе, маған жіберсеңіздер де болады, - дейді блогер.
Сайтта тарихи суреттер жинақталған. Оларды тегін жүктей аласыз. Оқырман өзіне керекті суретті тез табуы үшін бөлімдерге бөлініп, қолданушыға ыңғайлы түрде орналастырылған. Мұнда бұрын еш жерде жарияланбаған сирек кездесетін суреттер де бар.