Ескі көлікті өткізіп, жаңасын жеңілдікпен алуға болады: Бағдарлама қашан басталады?
Бағдарламаның нақты қашан іске қосылатыны мен сертификат мөлшері әзірге белгісіз.
Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасын қайта іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бағдарлама басталса, ескі көлігін өткізген азамат Қазақстанда шығарылған жаңа автокөлік сатып алуға жеңілдік сертификатын ала алады. Бұл әсіресе елдегі автопарктің 44%-дан астамын 20 жылдан асқан көліктер құрайтынын ескерсек, өзекті мәселе. Алайда көліктерді қабылдау қашан басталады, оларды қай кәсіпорындар қайта өңдейді және сертификаттың құны қанша болады? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.
Министрлік: ескі көлікке жаңа көлік алуға сертификат беріледі
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдейтін кәсіпорындарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайта өңдеушілермен шарт жасалғаннан кейін recycle.kz сайтында ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын қабылдауға өтінім беру басталғаны туралы хабарландыру жарияланады. Сол жерде қабылдау пункттерінің өзекті тізімі де көрсетіледі. Қолданыстағы ынталандыру қағидаларына сәйкес, ескі көлігін немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырған иесіне Қазақстан аумағында шығарылған жаңа көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдік сертификаты беріледі, - деп түсіндірді министрлік редакцияның сауалына берген жауабында.
Алайда сертификаттың нақты мөлшері әзірге аталған жоқ. Автокөлік құралдарының санаттары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының түрлеріне қарай жеңілдік көлемін индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган белгілеп, жыл сайын ӨКМ операторына жолдайды.
Қазақстандағы көліктердің 44%-дан астамы 20 жылдан асқан
Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, кейінгі бірнеше жылда елдің автопаркі жаңа көліктермен айтарлықтай толыққан. Соған қарамастан, қолданыстағы автокөліктердің едәуір бөлігі әлі де ескірген.
Қазір пайдаланылғанына жеті жылға дейінгі көліктердің саны 1,5 миллионнан асады. Бұл кейінгі бірнеше жылда автопаркке өте көп жаңа көлік қосылғанын көрсетеді. Сонымен бірге еліміздегі көліктердің 44%-дан астамының жасы 20 жылдан асып кеткен. Әрине, мұндай ескі көліктерді ауыстыру керек. Бұл ретте азаматтарға әбден ескірген көліктерін жаңасына ауыстыруға көмектесу қажет. Ол үшін көлік сатып алуды қолжетімді ететін жағдай жасалуға тиіс, – дейді Анар Мақашева.
Автосарапшы: Бағдарлама әзірге іске қосылған жоқ
Ал автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, кәдеге жарату бағдарламасы қайта іске қосылды деуге әлі ерте. Өйткені көлік қабылдайтын кәсіпорыннан бастап тарифтерге дейін бірқатар мәселе шешілмеген.
Қазір кәдеге жарату бағдарламасының қайта іске қосылатыны туралы нақты жаңалық жоқ. Бізге әзірге оның алдағы уақытта қайта жұмыс істейтіні ғана айтылып отыр. Бірақ қашан басталатыны белгісіз. Бұл қызметті көрсететін кәсіпорын әлі анықталмаған, тарифтер жоқ, тиісті ережелер де бекітілмеген. Бұған дейін кәдеге жаратумен айналысқан «Вторчермет» қазір тек қара металл қабылдайды. Сондықтан бағдарлама әзірге қайта іске қосылған жоқ, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, бағдарламаның алдағы жұмыс тәртібіне қатысты да нақты жауапты қажет ететін мәселелер бар.
Бағдарламаның қашан және қандай тәртіппен жұмыс істейтіні, талаптары қандай болатыны, көліктерді кәдеге жаратуды кім жүргізетіні туралы нақты ақпарат жоқ. Бағдарлама болуы керек, оның қайта іске қосылатыны айтылып отыр. Бірақ әрі қарай қалай жұмыс істейтіні, сертификат мөлшері қанша болатыны және басқа да шарттары әзірге белгісіз, – дейді Алексей Алексеев.
Осылайша, ескі көлігін кәдеге жаратуға тапсырған азаматқа Қазақстанда шығарылған жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын беру тетігі қарастырылған. Алайда оны іс жүзінде пайдалану үшін алдымен қайта өңдеуші кәсіпорындар анықталып, олармен шарт жасалуы қажет. Содан кейін ғана көлік қабылдаудың басталғаны және қабылдау пункттері туралы ресми ақпарат жарияланады.