31 Тамыз 2026, 16:17 Фото: Алматы әкімдігінен

«Ескі көліктерге тыйым салынбайды»: Сарапшы Алматыдағы жаңа экологиялық талапқа қатысты пікір білдірді

Сарапшы жаңа талаптар көлік иелеріне қосымша ауыртпалық салмауы тиіс деп есептейді.

Алматыда енгізілгелі жатқан төмен шығарындылар аймағы (LEZ) ескі көліктердің қозғалысына толық тыйым салуды көздемейді. Бұл туралы заң шығару мәселелері жөніндегі сарапшы әрі Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, атмосфералық ауаны қорғау қағидалары Экологиялық кодекс негізінде қабылданған. Заңда соңғы үш жыл ішінде белгілі бір өңірде ауа сапасының көрсеткіштері тұрақты түрде нормадан асып кетсе, мәслихаттың арнайы ережелер бекітуге құқығы бар екені көрсетілген.

Сарапшы Алматыда зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы бірнеше жылдан бері жоғары болып отырғанын атап өтті.

Бұл құжаттың құқықтық негізі Экологиялық кодекстің талаптарына сүйенеді. Алматыда ауа сапасына қатысты санитарлық нормативтер жүйелі түрде асып отыр, сондықтан мұндай ережелерді қабылдауға заңды негіз бар, – деді Ерлан Бұзырбаев.

Оның сөзінше, қабылданған шешімдер қаланың экологиялық ахуалын сипаттайтын ресми құжаттарға негізделген.

Қазіргі деректерге сәйкес, Алматыдағы жалпы шығарындылардың шамамен 60 пайызы көлік құралдарынан бөлінеді. Сондықтан негізгі назар автокөлік секторына аударылды, – деді сарапшы.

Сонымен бірге ол ластанудың қалған бөлігі жылу электр орталықтары, өнеркәсіп орындары, көмір жағатын жеке үйлер, моншалар мен басқа да стационарлық нысандардан шығатынын айтты.

Әкімдік тек көліктермен ғана айналысып отырған жоқ. Қатты отынды пайдалануды шектеу, отшашуларға қатысты талаптар және басқа да тұрақты ластаушы көздер бойынша жұмыстар қатар жүргізілуде, – деді ол.

Ерлан Бұзырбаевтың айтуынша, әлемнің көптеген ірі қалаларында қолданылып жүрген LEZ жүйесі әртүрлі тәсілмен іске асырылады. Кейбір мемлекеттерде экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерге айыппұл салынса, енді бірінде арнайы төлем алынады. Алайда Алматы басқа модельді таңдаған.

Алматыдағы LEZ аймағында көліктерден төлем алу қарастырылмаған. Сондай-ақ белгілі бір экологиялық санаттағы көліктерге толық тыйым салынбайды, – деді сарапшы.

Ол қоғамда кең тараған «ескі көліктер қала орталығына кіре алмай қалады» деген пікірдің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

Көліктің шығарылған жылы басты көрсеткіш емес. Мысалы, Euro-0 санатындағы ескі көлік болса да, егер ол техникалық тұрғыдан дұрыс жағдайда болып, шығарындылары белгіленген нормадан аспаса, оны пайдалануға ешқандай шектеу қойылмайды, – деді Ерлан Бұзырбаев.

Сарапшының түсіндіруінше, жаңа жүйеде басты талап – көліктің нақты шығарындыларын тексеру.

Арнайы техникалық зерттеу кезінде көліктің ауаға бөлетін зиянды заттарының көлемі өлшенеді. Егер көрсеткіштер рұқсат етілген нормадан аспаса, жүргізуші көлігін еш кедергісіз пайдалана береді, – деді ол.

Ерлан Бұзырбаевтың пікірінше, бұл шара ең көп ластайтын көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Автопарктің шамамен 10–20 пайызы барлық көлік шығарындыларының 50–60 пайызын қалыптастырады. Сондықтан жаңа жүйенің негізгі мақсаты – дәл осындай көліктерді бақылауға алу, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, LEZ аймағын құру мүмкіндігі қазірдің өзінде заң жүзінде бекітілгенімен, оның нақты шекарасы әлі анықталмаған.

Аймақтың нақты аумағын әкімдік белгілейді. Бұл мәселе бойынша шешім қабылдау 2027 жылға жоспарланып отыр, – деді Ерлан Бұзырбаев.

Сарапшы жаңа талаптар көлік иелеріне қосымша ауыртпалық салмауы тиіс деп есептейді. Оның сөзінше, қазіргі заңнамада да шығарындылары белгіленген нормадан асатын көліктерді пайдалануға тыйым салынған.

Айырмашылығы – LEZ жүйесінде бақылау әлдеқайда толық әрі тұрақты жүргізіледі. Осы арқылы қаладағы ауа сапасын жақсарту көзделіп отыр, – деп түйіндеді ол.