Ескі көлігін тапсырған қазақстандықтар қандай жеңілдік алады?
Автосарапшының айтуынша, бұл сома азаматтарды ескі көлігін тапсырып, жаңасын сатып алуға ынталандыруға жеткіліксіз.
Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасын қайта іске қосу жоспарланып отыр. Жеңіл автокөлігін тапсырған азаматқа 315 мың теңге, көлемі үлкендеу көліктер үшін 550 мың теңге, ал автобус пен жүк көлігіне 750 мың теңге көлемінде сертификат беріледі. Бағдарлама қалай іске асырылады? Кімге тиімді? Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Алайда автосарапшы Алексей Алексеев бұл сомалар азаматтарды ескі көлігін тапсырып, жаңасын сатып алуға ынталандыруға жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, сертификаттың көлемі көлік құнының кемінде 10 пайызына жетуі керек.
Көлікті қайда тапсыруға болады?
25 қазанда Экология министрлігінің кәдеге жарату бағдарламасын қайта іске қосу туралы бұйрығы күшіне енеді. Бірақ көлікті қайда апару керектігі, кәдеге жарату пункттерінің мекенжайлары және сертификатты алу тәртібі әзірге жарияланған жоқ.
Бүгінде бізде ақпарат өте аз. Екі күннен кейін бағдарлама іске қосылады немесе қайта жанданады деген мәлімет бар. Бірақ кәдеге жарату пункттері қайда орналасады, бүкіл процесс қалай жүреді – бұл жағы әзірге белгісіз. Мүмкін, тиісті ақпарат 25 қазанда жарияланатын шығар, – дейді Алексей Алексеев.
Сарапшының айтуынша, жеңіл автокөлігін тапсырған азаматқа 315 мың теңге көлемінде сертификат беріледі. Көлемі үлкендеу көліктер үшін 550 мың теңге, ал автобустар мен жүк көліктері үшін 750 мың теңге қарастырылған.
Алайда бұл қаражат қолма-қол берілмейді. Көлігін тапсырған адам сертификат алады және оны жаңа автокөлік сатып алғанда бастапқы жарна ретінде пайдалана алады.
315 мың теңге жаңа көліктің қанша құнын жабады?
Алексей Алексеев жеңіл автокөлік үшін берілетін 315 мың теңгенің жаңа көлік бағасымен салыстырғандағы үлесі аз екенін айтады.
Қазір ең арзан автокөлік 4 миллион 990 мың теңге тұрады. 315 мың теңгелік сертификат осы соманың шамамен 6,3 пайызына ғана тең. Менің ойымша, бұл өте аз. Сертификат көлемі кем дегенде көлік құнының 10 пайызын құрауы керек, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, кәдеге жарату бағдарламасының негізгі мақсатының бірі – елдегі автопаркті жаңарту. Ал ұсынылып отырған сертификат мөлшері бұл міндетті орындауға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Азамат көлік құнының небәрі 6 пайызына тең сертификат алады. Ал жаңа автокөлікті сатып алу үшін оған кемінде 10–20 пайыз бастапқы жарна қажет болуы мүмкін. Сондықтан ескі көлігін тапсырған адамның жаңасын сатып алуға ынтасы арта қоймайды. Оның үстіне, ескі көлігін кәдеге жарату пунктіне дейін өзі жеткізуі керек, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, азамат аз ғана сомаға сертификат алу үшін бірқатар қиындыққа тап болады. Ал жаңа көлікке қажет қалған қаражатты өз бетінше жинауы тиіс.
Осындай жағдайда бағдарламаның қаншалықты тиімді екені түсініксіз. Меніңше, адамды ынталандыратын тетік жоқ, – деп есептейді Алексей Алексеев.
Ескі көлікті тапсырған тиімді ме, әлде сатқан дұрыс па?
Сарапшының пікірінше, көлікті кәдеге жаратуға тапсыру немесе сату туралы шешім оның жағдайына, қаншалықты тозғанына және шығарылған жылына байланысты.
Әдетте, көліктің құнды бөлшектері болса, иесі оны бөлшектеп сатуды жөн көреді. Ал тұтас тұрған, ешқандай құнды агрегаттары алынбаған көліктердің шіріп, ұзақ уақыт қараусыз жатуы сирек кездеседі. Дегенмен, мұндай жағдайлар да болады, – дейді ол.
Мәселен, көлік өте ескі болуы мүмкін, ал оның қосалқы бөлшектері арзан болғандықтан, сатудан пайда түспейді. Кейде көлік шалғайдағы ауылда тұрады да, оның бөлшектері ешкімге қажет болмайды.
Алексеевтің айтуынша, қосалқы бөлшектерге сұраныс өңірге және көліктің маркасына қарай өзгереді. Бір жерде белгілі бір марканың бөлшектері жақсы өтсе, басқа жерде оларды сату қиын болуы мүмкін.
Мысалы, біреу қаладан ескі “Опель” көлігін алып келіп, ауылда қалдырып қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда оның бөлшектерін сатудың да мәні болмауы ықтимал, – дейді сарапшы.
Сондықтан бәрі көліктің қаншалықты ескі екеніне және бөлшектеліп қойған-қоймағанына байланысты. Егер көлік әлі бөлшектелмеген болса, оны кәдеге жарату бағдарламасы бойынша тапсыруға болады.
Сертификат бастапқы жарна мәселесін шеше ме?
Алексей Алексеев бастапқы жарнаның банк үшін де маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, банк қарыз алушының ақша табуға және қаражат жинауға қабілетті екенін көргісі келеді.
Банк те қарыз алушының ақша таба алатынын, қаражат жинай білетінін көргісі келеді. Сондықтан адам белгілі бір бастапқы жарнамен келеді. Бастапқы жарнаның мәні де осында: адамның ақша табуға және оны жинақтауға қабілетті екенін көрсету. Яғни, қалтасында ақшасы жоқ күйде келіп, бірден несие ала салу емес, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, сертификатты пайдаланып, автокөлікті несиеге сатып алған жағдайда да қосымша шығындар туындайды. Міндетті сақтандырудан бөлек, КАСКО рәсімдеу қажет болады.
Несиеге сатып алынатын әрбір жаңа автокөлік КАСКО арқылы сақтандырылады. Бұл да аз шығын емес. Тіпті сақтандыру құны сертификат сомасына жуық болуы мүмкін, – дейді Алексей Алексеев.
Бұдан бөлек, көлікті тіркеу алымы және басқа да төлемдер бар. Сарапшының сөзінше, негізгі қосымша шығындар осылар.
Сонымен бірге ол сертификатты автокөлікті несиеге сатып алу үшін пайдалануға болатынын атап өтті.
Бағдарлама автокөлік нарығына әсер ете ме?
Алексей Алексеевтің пікірінше, кәдеге жарату бағдарламасының жаңа ережелері автокөлік сатылымына да, көлік бағасына да, жалпы нарыққа да айтарлықтай әсер етпейді.
Менің ойымша, 2022 жылға дейін жұмыс істеген бағдарламаның алдыңғы кезеңінде ондаған жыл бойы әр жерде жатқан, есептен шығарылған ескі көліктердің басым бөлігі тапсырылып қойған. Сондықтан қазір мұндай көліктердің саны бұрынғыдай көп болмауы мүмкін, – дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, бұрынғы кезеңде ескі көліктердің басым бөлігі кәдеге жаратуға өткізілгендіктен, бағдарламаның қайта іске қосылуы нарыққа айтарлықтай ықпал етпеуі ықтимал.
Менің ойымша, жаңа ережелер автокөлік сатылымына да, көлік бағасына да, жалпы нарыққа да әсер етпейді. Қайталап айтамын, алдыңғы кезеңде ескі көліктердің басым бөлігі тапсырылып қойған. Сондықтан қазір бұл бағдарламаның нарыққа айтарлықтай ықпал етуі екіталай, – деп түйіндеді Алексей Алексеев.