Ескі ғимараттың орнына жаңа өнер мектебі салынады
Осы уақытқа дейін Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылындағы "Өнер мектебі" ескі ғимаратта жұмыс істеп келген. Енді заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы аясында бұл мектептің орнына жаңа ғимарат салынатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыйымдылығы небәрі 200 орынға арналған мектепте бүгінде 409 бала білім алып жүр. Ғимараттың тозығы жетіп, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмеуі ата-аналар мен ұстаздарды біраздан бері алаңдатып келген. Мектеп директоры Айгүл Абуталипованың айтуынша, мұнда 12 түрлі өнер пәні оқытылып, кәсіби біліктілігі жоғары 42 педагог жұмыс істейді. Ол жаңа ғимарат салынады деген жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдағанын жеткізді.
Бұл өнер мектебінің тарихы терең. 1974 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ғимараттың тозығы жетсе де, балаларды өнерге баулуды тоқтатқан емеспіз. Бұл мектепке 5 ауылдың балалары қатынап оқиды. Жаңа ғимарат салынса, мектептің базасы жаңарып, балаларға жайлы ортада өнер үйренуге мүмкіндік туады. Бұл өте қуанышты жағдай, – дейді ол.
Мектептің жаңа ғимаратқа қол жеткізуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан заңсыз иемденілген активтерді қайтару шарасының нәтижесі болмақ. Арнаулы мемлекеттік қорға түскен қаражаттың бірі Темірлан ауылындағы жаңа өнер мектебінің құрылысына бағытталды. Жобаның құны – 890 миллион теңге. Жаңа мектеп 300 орынға есептелген. Құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Жаңа ғимарат заманауи музыка және хореография залдарымен жабдықталады, тіпті қажетті техниканың бір бөлігі Еуропадан жеткізілмек.
Айта кетейік, бүгінде Арнаулы мемлекеттік қорда 177 миллиард теңге жинақталған. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және бұқаралық спорт сияқты әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Темірлан ауылындағы жаңа өнер мектебі – қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді пайдаланылып жатқанын көрсететін нақты мысалдың бірі.