Бүгiн 2026, 16:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ескі еңбек кітапшалары кімдерге қажет болуы мүмкін – Еңбек министрлігі түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру еңбек өтілін есепке алу мен зейнетақы рәсімдеуге қалай әсер еткенін түсіндірді.

Қазақстанда еңбек өтілін есепке алу іс жүзінде толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Қағаз түріндегі еңбек кітапшалары біртіндеп маңызын жоғалтып келеді. Дегенмен кейбір азаматтар үшін олар әлі де қажет болуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары еңбек нарығына келген азаматтардың еңбек қызметі бастапқыдан-ақ электронды форматта жүргізіледі.

Соңғы жылдары еңбек жолын бастаған қызметкерлердің барлық деректері цифрлық түрде сақталады. Электронды еңбек кітапшалары қалыптастырылады. Соның негізінде кейін еңбек өтілін растауға және қажетті әлеуметтік қолдау шараларын рәсімдеуге болады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев.

Оның сөзінше, бүгінде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде негізгі мәліметтердің басым бөлігі цифрландырылған. Сондықтан қағаз құжаттарға деген қажеттілік біртіндеп азайып келеді.

Сонымен қатар 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне қатысты кейбір мәселелер әлі де сақталып отыр. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар архивтік жүйелермен біріктіру жұмыстарын жүргізуде.

Біз e-архив жүйесімен интеграция жасап жатырмыз. Соның арқасында зейнетақы тағайындау кезінде азаматтарға ескі еңбек кітапшаларындағы мәліметтерді өз бетінше дәлелдеудің қажеті болмайды. 1998 жылға дейінгі жұмыс орындары мен еңбек өтілі туралы ақпарат архивтерден автоматты түрде алынады, – деп түсіндірді Жазықпаев.

Осылайша, Қазақстанда еңбек қызметін есепке алу жүйесі толық цифрлық форматқа көшіп келеді. Ал қағаз еңбек кітапшалары біртіндеп өз маңызын жоғалтып, тек өткен жылдардағы еңбек өтілін растауға арналған қосымша дерек көзі ретінде ғана сақталады.