Ескертуге құлақ аспаған: Қызылордада сотталғанға қатаң жаза тағайындалды
Қызылордада тәртіп бұзған есептегі сотталған қамауға алынды.
Қызылордада пробация есебінде тұрған азамат белгіленген талаптарды өрескел бұзғаны үшін 2 жыл 6 айға түзеу мекемесіне жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ге жуық сотталған тіркеуде тұр. Жыл басынан бері жаза өтеу талаптарын орындамаған, отбасында тыныштықты бұзып, бірнеше рет берілген ескертулерге құлақ аспаған 11 сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Бүгін олардың қатарына тағы бір азамат қосылды.
Аталған азаматқа 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 100 сағат мәжбүрлі еңбек міндеттелген. Ол пробация қызметінің есебіне алынған.
Алайда сотталған белгіленген талаптарды өрескел бұзған. Атап айтқанда, пробация қызметіне уақытылы тіркелмей, жаза өтеуден жалтарған, мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартқан. Бұдан бөлек, ішімдікке салынып, отбасында жанжал шығарып, тыныштықты бұзған, - деп хабарлады қалалық ҚАЖ департаменті.
Осыған байланысты пробация қызметі сотқа ұсыныс жолдап, бас бостандығын шектеу жазасын қатаң жаза – бас бостандығынан айыруға ауыстыруды сұраған.
Нәтижесінде сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі, яғни 2 жыл 6 ай мерзім түзеу мекемесінде өтелетін болды.