“Есірткіге жол жоқ!” акциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласында “Есірткіге жол жоқ!” акциясын өткізді.

Аталған акция карантин жағдайында екі мақсатты көздеді. Ең алдымен жас ұрпаққа есірткінің зияны туралы ақпарат беру, сондай-ақ коронавирус індетінің таралуын болдырмау. Акция барысында Жетісу жерінің орталығында тәртіп сақшылары “Арбатта” және оқу орындарының жанында тұрғындармен, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Қызметкерлер есірткінің зияны, оларды қолданудың қайғылы нәтижелері туралы профилактикалық әңгімелер жүргізді. Сондай-ақ, карантиндік шараларды қатаң сақтау қажеттілігі туралы еске салып, арнайы белгілері бар бетперделер таратты, – деді Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов.

Тәртіп сақшылары жыл басынан бері облыста 464 қылмыстық құқық бұзушылық анықтаған. Оның ішінде 364 есірткіге қатысты іс-әрекет пен 100 есірткі қылмысы бар.

Біздің қызметкерлер облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына “Есірткіге жол жоқ!” деген белгісі бар бетперделер табыстады. Азаматтардан “ақ өлімге” теңелетін ғасыр дертінің таралуы туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, тиісті шара қолдану үшін жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне дереу хабарласуларыңызды сұраймын, – деп толықтырды Қазбек Мұхамедов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы