Есірткіге қатысы бар "шибөрілердің" басшылары да жауапқа тартылуы қажет – депутат
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева есірткі қылмысына қатысы бар қызметкерлердің басшыларын жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің өздері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар екені бәрімізді ашуландырады. Нашақорлықпен күресушілердің өздері оған көмектесетіні ешкімге құпия емес, - деді депутат Имашева.
Оның айтуынша, осы жылы есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметшілері ұсталды. Бұл көші-қон полициясының қызметкерлері, полиция департаменті есірткіге қарсы басқармаларының басшылары мен жедел уәкілдері, ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының, түзеу мекемесінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері.
Мұндай фактілерге үзілді-кесілді жол берілмеу керек және сыбайлас жемқорлық жағдайы сияқты, мұндай шибөрілердің басшылары да жауапқа тартылуы немесе қызметінен босатылуы қажет, - деп айтты депутат Снежанна Имашева Мәжілісте.