Жыл басынан бері полицейлер есірткіге қатысты 1799 қылмысты анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ал бір апта ішінде 1 келіге жуық есірткі тәркіленді, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

 ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөліністері елімізде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 37 қылмысты анықтап, тіркеді.

Оның ішінде 23-і есірткі өткізу фактісі, 6-уы аса ірі мөлшерде сақтау, 4-уі контрабанда және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 3 фактісі есепке алынды. Бір заңсыз «нашақорлар ұясы» жабылды.

Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 138.5 кг есірткі тәркіледі, оның ішінде 137 кг марихуана және «скорость» деп аталатын 920 грамм синтетикалық есірткі алынды.

«Өскемен қаласында киімінің шіне 9 орама жасырған жергілікті тұрғын ұсталды. Ораманың ішінен ұнтақ және түйіршіктер түріндегі заттар табылды. Күдіктінің пәтеріне тінту жүргізу кезінде креслолардың қаңқасынан тағы бір орама, сондай-ақ ұялы телефонның қорабы шықты, оның ішінде де түйіркіш заттар бар болып шықты. Одан барлығы 411 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді», - делінген ІІМ хабарламасында.

Алматы қаласында бір азаматтың автокөлігіне тінту жүргізгенде алдыңғы жолаушылар орындығының астынан жалпы салмағы 502 грамм синтетикалық есірткісі бар екі полиэтилен пакеттері табылып, тәркіленді.

Психотроптық заттарды сатып алу көздері мен тарату арналарын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.

Алматы қаласында есірткі өткізгені үшін жергілікті тұрғын ұсталды, полицейлер одан марихуана салынған пакет, 4 грамм героин және синтетикалық есірткі, сондай-ақ патрондары бар револьвер тәркіледі. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кету керек, есірткі қылмысымен күреске ҚР азаматтары да көмек көрсете алады. Мәселен, ІІМ-нің «WhatsApp» (+77777856651) «қауырт желісі» іске қосылған күннен бастап 10 күн ішінде есірткінің заңсыз айналымы туралы 200 хабарлама келіп түсті. Бұл ақпараттар негізінен есірткіні тарататын сайттар немесе телеграмм-арналар жарнамасы бар граффити-суреттер туралы болды.

29 өтініш есірткіні тарататын интернет-ресурстарға тікелей қатысты жіберілді. Қазіргі уақытта оларды оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.

Жеке хабарламалар бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы ІІМ алдына есірткінің таралу жолдарын жою және криминалдық істердің қатысушыларына жазаны күшейту жөнінде міндет қойған болатын.

Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерімен өткізілген жұмыс кеңесінің барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция есірткі қылмыстарын анықтаудың және жолын кесудің әдістерін жетілдіре отырып, есірткі қылмыстарына жол бермеу үшін жұмыс істеуі тиіс деп атап өтті. ІІМ-нің басшысы азаматтарды қорықпауға және есірткі құқық бұзушылықтары туралы анонимдік телефонға хабарлауға шақырды.

«Есірткінің жекелеген отбасылар үшін ғана емес барлық қоғам үшін қиратушы күш екенін барша халықтың түсінуі үшін қанша жас қыршынынан қиылуы керек, есірткіден Қазақстанда қанша адам өлуі керек? Жастарымыздың болашағы бәрімізді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Сондықтан азаматтарды осы індетпен бірлесе күресуге шақырамын!», – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Жыл басынан бастап полиция қызметкерлері 1799 есірткі қылмысын анықтады. 18 тонна 990 кг есірткі, оның ішінде 6 тонна 128 кг марихуана, 353 кг гашиш, 18 кг героин, 6,5 кг синтетикалық есірткі алынды.

5 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл болды. Есірткінің заңсыз таралуының нәтижесінде алынған 2,5 млн теңгеден астам қаржы мемлекет кірісіне қайтарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы