ESIRTKІGE JOL JOQ. Елордада нашақорлыққа қарсы акция басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 14-29 жас аралығындағы жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы «ESIRTKІGE JOL JOQ» жобасы ашылды.
Жобаны осымен үшінші жыл Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ ұйымдастырып отыр.
«Астана жастары» КММ жастар ресурстық ортылығы басшысының орынбасары Аян Ерментаевтың айтуынша, жастардың бос уақытын тиімді жоспарлау мақсатында бұл шара игі дәстүрге айналған.
Жастардың барлығында тиімді әдет қалыптастыру мақсатында жоба жұмысын қайта бастап отырмыз. Есірткіні қолданудың алдын алу мақсатында көрмелер мен бейнероликтер БАҚ арқылы жастарға түсіндіру жұмыстары мен рейдтік шаралар ұйымдастырылады, - деді Ерментаев.
Оның айтуынша, шара аясында 50 мыңға жуық жасты қамту жоспарланып отыр.
«Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында студент және оқушы жастар арасында семинар, тренингтер өткізіледі. Сондай-ақ қазір синтетикалық заттарды қолдану қаупі өте жоғары. Жастар әлеуметтік желі мен телеграм арналары арқылы теріс жолға түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу мақсатында жастармен тығыз, белсенді жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз, - деді ол.
Өз кезегінде есірткінің алдын алу бойынша жастармен жұмыс істейтін психолог Александр Грищук 3 жыл бойы қазақстандық тәуелді жастарды емдеумен айналысып келеді. Ол - Украинадан келген маман. Грищуктің айтуынша, бұл жұмыста тек нәтижеге бой түзеу керек.
Жоба жалпы 1 жылға жоспарланған. Біз оның аясында жастармен жеке әңгімелесулер өткіземіз. Бұл мектеп, университетте оқитын жасөспірімдер мен жастарды қамтид. Мен психолог ретінде тәуелділікке бейім адамдарды анықтаймын. Олардың нашақорлық ортаға еніп кетпеуі үшін туыстары мен баланың өзімен жеке консультациялар өткіземіз, - деді ол.
Психологтің айтуынша, жастар арасында есірткіні қолдануға әртүрлі себеп болуы мүмкін.
Тәуелділік неден басталатынына келсек, сенімсіздіктен тууы мүмкін. Қаржы жетіспегенде және өзімен жасты жасөспірімдермен тіл табыса алмауы да себепке айналуы мүмкін. Жастардың қандай отбасыдан шыққаны да маңызды. Ата-анасы ішімдікке әуес, үйде зорлық-зомбылық көрген жастар тәуелділікке бейім болады, - деді психолог.
Жоба 2022 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін ай сайын жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіден бас тарту идеясын насихаттайтын іс-шаралардың кешені ретінде өткізіледі.
Әр кезеңде еріктілер полиция қызметкерлерімен, «Ренессанс» оңалту орталығының психологтарымен және «Шанс» халыққа әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығы қызметкерлерімен бірге рейдтерге қатысады.
Сондай-ақ елорданың белсенді жастары үшін тренингтер өткізіледі, «Сенің өміріңнің ырғағы» акциясы аясында сурет конкурстары, БАҚ журналистер арасында «Үздік видео сюжет», «Үздік телевизиялық репортаж», «Үздік радиосюжет», «Баспасөздегі үздік басылым», «Интернет басылымдағы ең үздік мақала» номинациялары бойынша байқау, Instagram әлеуметтік желісінде сурет салу бойынша бейнероликтер байқауы және есірткіні тұтынуға теріс көзқарасты тәрбиелеуге бағытталған спорттық челлендж жоспарлануда.
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен жылдың соңында марапатталады.
Жобаның ашылу салтанаты кезеңінде «Дейін және кейін» фотокөрме ұйымдастырылды.