Кеше 2026, 22:53 Фото: freepik

Есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейді: Қызылорда облысында 115 интернет-сайт бұғатталды

Сонымен қатар, «Amanat» партиясымен бірлесіп есірткі жарнамасы бар 20 граффити жойылды.

Қызылорда облысында қоғам денсаулығына қауіп төндіретін есірткі айналымына қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің өкілі Біржан Багисов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары алдын алу және анықтау шараларын қатар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, облыс орталығында полиция қызметкерлері күн сайын көпқабатты үйлердің аулаларын, гараждар мен құрылыс нысандарын тексеріп, жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы тұрақты бақылау жүргізуде.

Сонымен қатар, «Amanat» партиясымен бірлесіп есірткі жарнамасы бар 20 граффити жойылды. Нәтижесінде заңсыз жазбалардың саны азайған.

Бұдан бөлек, «Кибернадзор» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні насихаттаған 115 сайт бұғатталды.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта іздеудегі қылмыскерлерді анықтау, ұйымдасқан топтардың әрекетін әшкерелеу және қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру деректерін анықтау бағытында кешенді жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен тұрғындардың нашақорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында 210 профилактикалық іс-шара өткізілген.