Есірткі жарнамалауды кәсіпке айналдырған жастар көбейді – әкім
Алматы қаласының тұрғындары есірткі жарнамасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы қала әкімінің Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Түркісіб ауданында есірткі жарнамасының сілтемелері жазылған орындар көп. Мәселен, тұрғын үй кешендерінің кіреберісіне неше түрлі есірткі түрін сатып алуға болатын сайттардың жарнамасын жазып кетеді. Осы мәселенің шешіліп, жарнамалар өшірілгенін қалаймыз. Меніңше, біздің ауданға бейнебақылау камераларын орнату қажет. Осылайша есірткі сатумен айналысатындарды бақылау және жазалау жеңілдейтін еді, – деді қала тұрғыны.
Бұл сұраққа қала әкімі есірткі мен нашақорлықтың таралуы, қаладағы барлық ауданда өзекті мәселенің біріне айналғанын атап өтті.
Қалада есірткі тасымалдау, жарнамалаумен айналысатын жастарымыз көбейді. Тіпті, кәсіпке айналдырып алғандары да жетерлік. Десе де, біз оларды ұстаймыз, әкімшілік айыппұл саламыз. Айта кетейік, есірткі мәселесі қаламыздың барлық ауданында өзекті мәселенің біріне айналды. Аудан әкімдерімен және қалалық полиция департаментімен бірлесіп үлкен жұмыс атқардық, сонымен қатар бізге көмектесетін түрлі ұйымдарды тарта отырып, «Наркостоп» бағдарламасы көрістетілді. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар осы жарнамалардың барлығын кетіруге көмектеседі, – дейді Ерболат Досаев.
Еске салсақ, биыл Түркісіб ауданында 585 камера орнатылмақ.