Есірткі жарнамалағаны үшін 3 жылға сотталуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында қабырғалар заңсыз граффитиге толып кеткен және жай шимай емес: негізінен көпқабатты үйлердің қабырғаларына түсірілген қою жазбаларда есірткі жарнамалайтын сайт, электронды мекенжай көрсетілген.
Полиция қызметкерлері әшкерелеген барлығы 110 дана граффити жазбалары үстінен бояу жолымен жойылды.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 299-1-бабының 1-бөлігіне сай (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Бірнеше шағынауданды қамтыған қылмыс орындарында сұрастыру барысында жергілікті тұрғындар бұл жазбалардың 8 мамыр күнгі таңғы сағат 04.00-05.00 шамасында пайда болғанын мәлімдейді.
Бейнекамераларды тексеру және жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қызылорда қаласында тұратын 20 жастағы қыздың осы қылмысқа қатыстылығы анықталды. Ол қыз бұл жұмысын әлеуметтік желіде тапқанын және сол үшін 70 000 теңге көлемінде сыйақы алғанын мойындады. Енді ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.