Есірткі заттары бар препараттарды сатқаны үшін 3 медицина қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.
29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында «Дәрмек» профилактикалық іс-шарасының төртінші кезеңі өтті. Оның негізгі міндеті – есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы бұзушылықтарды анықтау. Шара барысында осы заттарды өз қызметінде қолданатын 75 кәсіпорын мен ұйым тексерілді. Жедел шараның 6 күнінде елімізде 12 бап бойынша 12 қылмыс ашылды, - деді ол.
Ол атағандай, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында құрамында есірткі заттары бар препараттардың айналымы ережелерін бұзған үш медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
129 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 129 адам тартылды, оның ішінде 32 медицина қызметкері. Барлық материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне берілді.Айналымнан 356 ампула есірткі, 5 258 таблетка, 173 ампула психотроптық заттар, 258 ампула прекурсорлар айналымнан алынды,- деді ол.