Есірткі сатумен айналысатындар қандай отбасыдан шығады?
Есірткі таратумен айналысатындар тек сәтсіз отбасыдан шықпайды. Ақтөбелік полицейлер осындай тұжырым жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Сейталиннің айтуынша, биыл жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты облыста 90 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 28,8 пайызға көп. Мәселен, 2024 жылы өңірде 1 келі 536 грамм, биыл 7 келі 254 грамм есірткі тәркіленген.
Жалпы есірткі табиғи және химиялық болып бөлінеді. Осылардың ішінде химиялық жолмен жасалған синтетикалық есірткі мөлшері биыл 4 есеге көбейіп отыр. Былтыр облыста есірткі сатып, таратумен айналысқан жасөспірімдерге қатысты 6 дерек тіркелген болатын. Биыл мұндай деректер тіркелмеді. Дегенмен қазір біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Жүргізілген талдаулар кезінде біз қылмыс жасаған жасөспірімдердің қандай отбасыдан шыққанын анықтадық. Атап айтсақ, 6 жасөспірімнің біреуі сәтсіз отбасынан шықса, екіншісі толық емес отбасынан шыққан. Ал қалған 4-еуі толық, әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыда тәрбиеленген, - дейді ол.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жастарды нашақорлыққа бағыттайтын 305 наркосайт жабылып, 328 банк шоты бұғатталған. Бұл шоттардағы қаржы көлемі 29 млн теңгеден асады.
Биыл есірткіге қарсы жұмыстарды жүргізуге Ақтөбе қаласы бойынша 13 миллион теңге бөлініп отыр. Ал аудандар арасында ең көп қаржы Темір ауданында (8 миллион теңге) қарастырылса, ең азы - Ырғыз ауданында (400 мың теңге), - дейді ол.
Айта кету керек, биыл ақтөбелік полицейлер басқармалармен бірлесіп, есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кешенді жоспар аясында жастармен қарқынды жұмыстар жүргізбек.