Есірткі сақтаған шымкенттік ер адам үш жылға сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Есірткі сақтаған шымкенттік ер адам 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 33 жастағы тұрғынды ұстады. Тексеру барысында күртешесінің қалтасынан есірткіге ұқсас өзіне тән хош иісі бар 5 полиэтилен пакетіне оралған өсімдік табылып, айғақты зат ретінде тәркіленді. Бұдан өзге, 20 полиэтилен пакетіне оралған өсімдікті жасырған жерінен алмақшы болғаны анықталды.
Дәлелдеме ретінде сотқа есірткіні жасыру орындары көрсетілген геобелгілері бар ұялы телефондар ұсынылды. Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады.
Ол есірткі заттарын Telegram мобильді қосымшасы арқылы сатып алып, жеке пайдалану үшін сақтағанын айтқан.
Аталған дерек бойынша ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.