21 Қазан 2026, 10:58 Фото: polisia.kz

Есірткі қосылған печенье сатты деген күдікпен бес адам ұсталды 

Елордада есірткіні таратудың арнасы тұрақты түрде жұмыс жасаған.

Ішкі істер министрлігі есірткі дүкендерін жою бойынша тиімді шаралар қабылдауда,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жедел қызметкерлердің көзіне түскен "Пепе" интернет-дүкені арқылы елордада есірткіні таратудың арнасы тұрақты түрде жұмыс жасаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерде бір уақытта жасы 30-дан асқан бес ер адамды ұстады. 

Қылмыстық сызба "ұйымдастырушы - буып түюші - қоймашы - есірткі жасырушы" иерархиясы бойынша әрекет еткен. Фигуранттар тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен. 

Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 граммнан болатын 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді. 

Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 12 кг-ға жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 кг-нан астам марихуана, 1,5 кг гашиш және 2 кг каннабис шайыры тәркіленді. Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, брикеттер, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды. ІІМ есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға және есірткі жеткізу арналарына қарсы мақсатты  іс-шараларды жалғастырады, - дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.