«Esil winter». Шаңғышылар фестивалі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Елордалық Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Esil winter» шаңғы фестивалі өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Есіл» ауданының әкімі Берік Жакенов және қысқы спорт түрлерінің жұлдыздарынан алып күш иесі, рекордсмен Сергей Цирульников пен Пекинде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, танымал таэквондошы Арман Шылманов қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын өз жолдауында осы бұқаралық спорт түрлері мен салауатты өмір салтын ұстануға ден қойып, насихаттайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай барлық спорт түрлері бойынша көптеген шаралар жоспарланып отыр және жаңадан спорттық кешендер салынады. Солардың бірі – бүгінгі фестиваль. Кеше ғана Алматы облысындағы «Алатау» спорт базасында осы спорт түрі бойынша континентальды кубок бойынша сайыста қазақстандық спортшылар биіктен көрінді. Шаңғы деген – әлем бойынша ең бір демократиялық спорт түрі. Көз алдымызда қаншама мықты жас шаңғышылар өсіп келеді. Байқауға қаысушылардың көбейіп жатқаны қуантады, - деп министр қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальға Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарының шаңғышылары қатысты.
Кәсіби айналысатын адамдармен бірге шаңғыны хоббиіне айналдырған балалардан бастап үлкендерге дейін белсенділік танытты.
«Esil winter» шаңғы фестивалі 7 түрлі жас категория арасында ұйымдастырылып отыр. Ең жас қатысушы 3-те болса, ересектердің арасында 70 жасқа толған азамат бар. Бұл фестиваль жыл сайын өткізіліп келеді. Уақыт өте қатысушылардың саны артып, республикалық деңгейге шықты. Қатысушылар үшін барлық жағдай жасалды. Осы жылы Орталық мәдениет және демалыс саябағында реконструкция болды. Шаңғы тебуге арналған трасса жасақталды. Эпидемиологиялық шектеулерге байланысты арнайы санитарлық ережелер сақталады. «Есіл» ауданы бойынша барлық саябақтарды жаңалап, тұрғындар үшін жайлы демалыс орындары жұмыс істеп тұр. Әр демалыс сайын біз «Ботаникалық саябақта» шаңғы тебуге арналған трассаны саламыз. Мұз айдындары да бар. Жалпы қазіргі тенденция бойынша бүкіл қала тұрғындары ашық алаңдарда белсенді демалыс өткізеді, - деп хабарлады «Есіл» ауданының әкімі Берік Жакенов.
Ол фестивальдің ашылу салтанатында спортшы Кирилл Панюков пен жұбайы Маринаға неке қию куәлігін табыстады. Жастар 12 ақпанда үйленген, бүгін куәлік табысталды. Кирилл Панюков - «Барыс» хоккей клубының ойыншысы. Жас жұбайларды ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Берік Жакенов және қысқы мереке жиналған барша қауым шын жүректен құттықтап, бақыт тіледі.
Кеш қонағы, күштілік бойынша әлемнің төрт дүркін рекордсмені, Гиннесс кітабының рекордсмені және Қазақстанның бес дүркін рекордсмені, алып күш иесі Сергей Цирульников жиналған көпшіліктің көз алдында темір тағаны жүрекшеге айналдырып, жұртшылықты өнерімен тәнті етті.
Шаңғы спортынан ұлттық төрешісі Шевчук Александрдің пікірінше, бүгінгі қысқы ойындар өте жоғары деңгейде өтті.
Ауа-райы да өте тамаша болып тұр Қатысушылардың саны мені қатты қуантты. Барлығы 280 адам тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында осыншалық көп қатысушының тіркелуі біз үшін бірінші рет орын алды. Бұл жарысқа біз көп уақыт дайындалдық. Байқап тұрғандарыңыздай шаңғы тебуге арналған трассаны дайындау үшін көп күш жұмсалды. Нұр-Сұлтан қаласында шаңғы базасының ашылса, одан да жақсы болар еді. Арнайы шаңғы тебуге арналған стадион болса, бұдан да көп қатысушыларға мүмкіндік болушы еді. Өйткені жыл өткен сайын спортшылардың саны артуда. Ал трассаның көлемі барлығына мүмкіндік бермейді. Қатысушылардан бөлек қолдау көрсетуге келген адамдар бар, - деп айтты төреші.
Ол жарыстың жоғары деңгейде өтіп жатқандығын атап өтті.
Кеш соңында әр категория бойынша мәреге алғашқы болып жеткен үштік Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының әкімі Берік Жакеновтің алғыс хаты, медаль және сыйлықтармен марапатталды.
Фото: Раушан Арманқызы
Менің шаңғы спортымен айналысқаныма екі жыл болды. Жасым 15-те. Бұл жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Өзім Қарағандыдан келдім. Шақырғандарыңызға рақмет. Бірінші орын алғаным үшін өте қуаныштымын. Керемет көңіл-күйде тұмын. Жаттықтырушым – Людмила Владимировна. Сол кісіге алғыс айтамын және мені қолдап келген барша жанға алғыс білдіремін, - деп қарағандылық Амантай Нұртілеу қуанышымен бөлісті.
Жарысқа қатысушылардың арасында тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, спортты жанына серік еткен үлкен буын өкілдері бар.
Мысалы, Валентина Столярова жарысқа жарын қолдау үшін келген.
Өзі зейнет жасына шыққан бері 10 жыл бойы шаңғы спортымен айналысып келеді.
2017 жылы ЭКСПО марафонында 2 және 4 км қашықтықта және одан бөлек қалалық марафондарда медальға ие болған.
Бүгін денсаулығына байланысты жарысқа қатыспай, спортшы күйеуін қолдау үшін келген.
Оның да жасы 69-да. Мен де, ол да спортты жақсы көреміз. Балаларыммен бірге қолдап, сәттілік тілеу үшін келдім. Жалпы осындай фестивальдар жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса екен.Өйткені спорттық іс-шаралардың орны бөлек. Спорт әрқашан керек, - дейді ол.
Осылайша, жарысқа қатысушылардың барлығы қызықты демалыс өткізіп қайтты. Мұндай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Фото: Раушан Арманқызы