Есік музейінде "Музейлер шеруі" өтті
Алматы облысы, Есік қаласындағы "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Алтын адам мекені – ежелгі сақ өркениетінің ордасы" тақырыбында "Музейлер шеруі" өтті, деп хабарлайды «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
"Есік" қорық-музейі дәл осы күні қонақтарды ерекше, "түнгі" форматта қарсы алды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, белгілі археологтар, тарихшылар және Есік қаласының тұрғындары мен қала қонақтары, жастар қатысты. Мерекелік бағдарлама көптеген жағымды және танымды ақпараттарды қамтыды, атап айтсақ: музейдің экспозициялық залдары бойынша экскурсиялар жүргізіліп, Есік археологиялық өлкетану музейі қорынан "Жетісудың жәдігерлері" атты уақытша көрменің ашылуы болды. Сондай-ақ, суретші-реставратор Әділхан Рахметовтың мастер-класы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Есік» қорық-музейі бас суретшісі Бектемиров Дәулетбектің гипстен мүсін жасау сабағы келушілердің назарына ұсынылды.
"Қазақ елі үшін Сақтардың мәңгілік мекеніне айналған киелі Есік қаласының қадір-қасиеті ерекше екенін айтқым келеді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: Алтын адам – талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті, - деп киелі өңірге өз бағасын берген болатын. Олай болса, еліміздің рухани әрі тарихи-мәдени орны болып саналатын, әлемдік деңгейде танымал музейіміздің орны ерекше. Бұл шара бабаларымыздың мұраларын зерттеп-зерделеуге тың серпін бере отырып, музейге келушілердің рухани қазынасының толыға түсуіне өз үлесін қосарына сенімім мол", - деді іс-шараның ашылуында сөз алған музей директоры Тасқын Тойбаев.
Эстрада жұлдыздарының қатысуымен және Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының өнер көрсетуімен өткен шоу-концерттік бағдарлама аясында ойындарға қатысып, белсенділік танытқан музей қонақтарына Алматы және Есік қаласында алдағы уақытта өтетін концерттерге, театр қойылымдарына билеттер және түрлі сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, жақында ғана Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Schlingel» кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған "Үздік анимациялық фильм" жүлдесімен марапатталған "Мұзбалақ" мультфильмі ата-аналар мен балаларға арнайы көрсетілді. Шара осы түннің символикалық оқиғасы "Сақ алауы" от шашуымен аяқталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
M1-Challenge: Турнирдің екі титулдық жекпе-жегі қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы