Қазақстаннан ешқайда кеткім келмейді – Назарбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Назарбаев университетінің түлектерін салтанатты түрде шығарып салу рәсіміне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев демалысын қайда өткізгісі келетінін айтты.
«Мен әлемнің барлық елінде болдым. Осы уақытқа дейін 200-ден астам президентпен кездестім. Одан бөлек, оқымыстылар, сарапшылар да бар. Әлемнің ең әдемі жерлерінің барлығын көрдім. Бірақ Қазақстаннан ешқайда кеткім келмейді, тіпті еңбек демалысымды да осында өткізгенді құп көремін. Өйткені, біздің елде бәрі бар», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылы арнайы түрде әлемдегі көрікті жерлерді аралағанын айтты.
«Қазақстан азаматтары шетелге теңізге шомылу үшін барады. Өзіміз де Каспий теңізі бар ғой. Ол жақта кешен салынған. Төрт немесе бес жұлдызды қонақ үй орналасқан. Басқа қонақ үйлерден еш кем емес. Бізде Алакөл, Бурабай бар. Алматы облысында тау шаңғы курорты бар. Сондықтан біз туристік потенциалымызды жүзеге асыруымыз керек. Сол кезде Қазақстанға демалуға келетіндер көбейеді», - деді Елбасы.
Айта кетейік, биыл университетті 963 студент бітірді. Оның ішінде бакалавриат бойынша оқығандар саны - 565, магистранттар - 378, медицина докторы - 14 және және 6 студент докторантура бағдарламасы бойынша тәлім алған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осымен бесінші түлектерін шығарып салып отырған Назарбаев университетінің түлектерін құттықтады.